Франциядағы оқушылар наразылығына мұғалімдер мен ата-аналар қосылды
Францияда мектеп оқушылары бастаған наразылық акциялары ауқымды қозғалысқа ұласты.
6 қазанда көшеге оқушылар мен студенттер ғана емес, мұғалімдер, ата-аналар және кәсіподақ өкілдері де шықты.
Reuters мәліметінше, ел бойынша өткен шерулерге 250 мыңнан астам адам қатысқан. Le Monde Франция Ішкі істер министрлігінің есебіне сүйеніп, наразылыққа 266 мың адам шыққанын жазады. Ұйымдастырушылар қатысушылар саны бұдан да көп болғанын айтады.
Наразылық қыркүйектің ортасында Париж маңындағы Кретей қаласында басталған. Алғашында мектеп оқушылары мен мұғалімдер білім беру жүйесіне қосымша қаржы мен маман бөлуді талап еткен. Кейін қозғалыс Францияның басқа өңірлеріне тарады.
Наразылық білдірушілер мектептердегі мұғалім тапшылығына, сыныптардағы бала санының көптігіне, ескірген ғимараттарға және сабақ кестесінің шамадан тыс ауырлығына шағымданып отыр. Сондай-ақ олар сабаққа келмеген мұғалімдердің орны дер кезінде толтырылмайтынын және білім саласына бөлінетін қаржы жеткіліксіз екенін айтады.
Euronews мәліметінше, шерушілер университетке қабылдаудың Parcoursup жүйесіндегі теңсіздіктерді де сынға алған.
6 қазандағы акция кезінде Франция бойынша 900-ге жуық мектептің жұмысы тоқтаған немесе бұзылған. Оның шамамен 250-і Париж орналасқан Иль-де-Франс аймағында. Париж, Лион, Ренн, Страсбург және басқа қалаларда шерушілер мен полиция арасында қақтығыстар болды. Тәртіп сақшылары кей жерлерде көзден жас ағызатын газ бен су атқыш қолданған.
Қозғалыс күшейген сайын оқушылардың ата-аналары мен мұғалімдері де акцияларға белсенді араласа бастаған. Кейбір мектептерде ересектер оқушылар мен полицияның арасына тұрып, қақтығыстың алдын алуға тырысқан.
Франция премьер-министрі Себастьен Лекорню оқушылар көтерген мәселелерді мойындап, үкіметке қазан айының соңына дейін мұғалім тапшылығы мен мектеп инфрақұрылымына қатысты ұсыныстар әзірлеуді тапсырған.
Наразылық ұйымдастырушылары әзірге акцияларды тоқтататындарын мәлімдеген жоқ. Олар білім беру жүйесіне қосымша қаржы бөліп, мектептердегі кадр және инфрақұрылым мәселесін шешуді талап етіп отыр.