Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасына жаңа бапкер тағайындалды
Әли Әлиев Қазақстан құрамасының бас бапкерінің міндетін атқарушы болып тағайындалды.
Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, Әлиев 1980 жылы 27 қазанда Алматыда дүниеге келген. Футболшы кезінде «ЦСКА-Қайрат», «Қайрат», «Ертіс», «Тобыл», «Восток», «Ордабасы», «Қызылжар» сынды клубтарда өнер көрсеткен. Сондай-ақ Түркияның «Акчаабат Себатспор», «Кайсери Эрджиесспор», «Карталспор» және «Диярбакырспор» командаларында ойнаған.
Әлиев бапкерлік мансабын 2014 жылы «Ордабасыда» ойыншы-жаттықтырушы ретінде бастаған. 2018 жылы футболшы мансабын аяқтаған соң Петропавлдың «Қызылжарын» тізгіндеп, команданы Премьер-лигаға алып шықты.
2021 жылы Әлиев Қарағандының «Шахтер» командасының бас бапкері болып жұмыс істеді, содан кейін «Астана» ФК жастар командасын жаттықтырған.
Айта кетейік, футболдан ұлттық құрама бас бапкері Черчесов 27 қаңтарда қызметінен кетті.