Германия бұрынғы бас көлік прокуроры Дүйсеновты экстрадициялаудан бас тартты
Германия Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновті елге қайтарудан бас тартты. Бұл ақпаратты Бас прокуратура растады.
Қадағалау органының мәліметінше, Германия тарапы экстрадициядан бас тарту себебін түсіндірмеген.
«Германия тарапы оны беру туралы өтініштен себеп көрсетпестен бас тартты. Алайда оған жарияланған іздеу тоқтатылған жоқ, қылмыстық қудалау жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта іс бойынша мән-жайды анықтауға бағытталған шаралар жүргізілуде, соның ішінде шетелдік мемлекеттердің құзырлы органдарымен өзара іс-қимыл жасалып жатыр», – деп хабарлады Бас прокуратура.
Тергеу мүддесіне байланысты істің басқа егжей-тегжейі жарияланбады.
Мақсат Дүйсенов 2018 жылдың тамызынан 2019 жылдың сәуіріне дейін Қазақстанның бас көлік прокуроры қызметін атқарған. Оған былтыр 29 тамызда іздеу жарияланған.
Кейін, қыркүйек айында, неміс құқық қорғау органдары Интерпол желісі арқылы халықаралық ынтымақтастық аясында оны қамауға алғаны белгілі болды.
Бұған дейін Мақсат Дүйсенов Қазақстанның сұрауы бойынша Интерпол арқылы Германия аумағында ұсталған. Ол елден «Хоргос ісі» деп аталған тергеу басталғаннан кейін кеткен. Бұл істе ол негізгі куәгерлердің бірі ретінде танылған. Саяси баспана сұрауы экстрадициялау рәсімін уақытша тоқтатуға мүмкіндік берген.
Дүйсенов бұрын құқық қорғау органдарын басқарған Қайрат Қожамжаровтың командасында жұмыс істеп, оның басшылығы кезеңінде бірқатар маңызды лауазымдарды атқарған. Қожамжаров Сенатқа кеткеннен кейін, Дүйсенов те мемлекеттік қызметтен кеткен.