Әлеумет

Германия тұрғындары Ирандағы соғыс салдарынан жеке көліктен бас тарта бастады

Ирандағы соғысқа байланысты жанармай бағасының қымбаттауы Германия тұрғындарын жеке көліктен бас тартып, велосипед пен қоғамдық көлікке көшуге мәжбүрлеп отыр.

1

 Бұл туралы Verivox порталының тапсырысымен жүргізілген сауалнама нәтижесіне сілтеме жасаған Funke медиатобы хабарлады.

Сауалнамаға қатысқан немістердің 48 пайызы АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысының салдарынан жанармай бағасы күрт өскеннен кейін жеке көлікті сирек қолдана бастағанын айтқан.

Респонденттердің 29 пайызы көліктен велосипедке ауысқанын, ал 24 пайызы қоғамдық көлікті жиі пайдаланатынын мәлімдеген.

Германияның жалпыұлттық автомобиль клубы – ADAC дерегінше, 7 мамыр күні елдегі бензин мен дизель бағасы наурыз айының басынан бергі ең төменгі деңгейге түскен. Ол кезде Ирандағы соғыс Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының тоқтауына әкеліп, әлемдік мұнай тасымалына үлкен соққы болған еді.

7 мамырда Германиядағы жанармай бекеттерінде Е10 бензинінің бір литрі орта есеппен 1,984 еуро, ал дизель 2,025 еуро болған. Бұған әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуімен қатар, Германия үкіметі мамыр айының басында енгізген “жанармай жеңілдігі” әсер еткен.

Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 67 пайызы энергия бағасының өсуіне байланысты электр мен жылуды үнемдей бастағанын айтқан.

Олардың 56 пайызы пайдаланылмай тұрған электр құрылғыларын күту режимінде қалдырмай, толық өшіретінін жеткізген. 55 пайызы үйдегі жылу деңгейін азайтқанын, 52 пайызы электр энергиясын жалпы аз тұтынуға көшкенін, ал 47 пайызы ыстық суды үнемдей бастағанын айтқан.

Ал сауалнамаға қатысқандардың 27 пайызы энергияны қосымша үнемдемейтінін мәлімдеген. Олардың көбі бұған дейін де үнемшіл өмір сүргенін, сондықтан шығынды одан әрі қысқарту мүмкін емес екенін айтқан.

Financial Times басылымының мәліметінше, сәуір айының қорытындысы бойынша әлемдік мұнай қоры 200 миллион баррельге азайған. S&P Global Energy және Goldman Sachs сарапшылары Ормуз бұғазының жабылуы салдарынан әлемдік нарық 1 миллиард баррель мұнайдан қағылғанын мәлімдеді.

Сарапшылардың пікірінше, мұнай тапшылығының негізгі салдарын әзірге Азия елдері сезіне бастаған. Ал АҚШ-та жазғы демалыс маусымында бензин қоры тарихи минимумға жетуі мүмкін.

S&P Global Energy сарапшысы Джим Бурккхардтың айтуынша, нарық мұнай қорының рекордтық қарқынмен азайып жатқанын әлі толық бағалаған жоқ, сондықтан мұнай бағасының негізгі өсімі әлі алда болуы мүмкін.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз