Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:45, 04 Маусым 2024

Халыққа құқықтық көмек керек

Халық заңгері-2024
Фото: ашық дереккөз

30 мамыр Астанадағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында жыл сайынғы «Халық заңгері» әлеуметтік республикалық акциясы өтті.

 Акция аясында құқықтық көмекке жүгінген 500-ге жуық тұрғын тегін кеңес алды.

30 мемлекеттік орган тұрғындардан «Азаматтық құқық және процесс», «Банк құқығы», «Атқарушылық іс жүргізу», «Неке-отбасы құқығы», «Мұрагерлік құқық», «Тұрғын үй құқығы», «Еңбек құқығы», «Жер құқығы», «Әлеуметтік қамсыздандыру құқығы», «Салық құқығы», «Нотариаттық қызмет», «Зияткерлік меншік құқығы», «Корпоративтік құқық», «Әкімшілік құқық», «Қылмыстық құқық және процесс» бағыттары бойынша сұрақтар қабылдады.

Шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, жетекші заңгерлер, адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары қатысты. Акция аясында 11 мемлекеттік орган онлайн кеңес, 18 офлайн және 56 адвокат халықтың сұрауына жауап беріп отырды.

ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының орынбасары Жігер Байділдинов акцияны өткізудің мақсаты – халықтың құқықтық мәдениетін арттыру екенін атап өтті.

«Іс-шараның мақсаты – азаматтарға тегін заңгерлік көмек көрсету. Биылғы жылы акция бүкіл ел бойынша 195 пунктте өтті. Біздің агенттік осы іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі. Біз үшін сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың негізгі шарты болып табылатын азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру маңызды. Сондықтан тұжырымдама ережелерін орындау үшін ақпараттық жұмыс жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Ол үшін азаматтарға ыңғайлы алаңдар – сауда орталықтары, сахна, жоғары оқу орындары, жастар ресурстық орталықтары, әкімдік ғимараттары, өңірлердің мәдени және спорт объектілері таңдалды. Тұрғындардың алаяқтық фактілеріне байланысты көмек сұрауы жиі кездеседі», – деп түсіндірді Жігер Байділдин.

Іс шара барысында көкейдегі сұрақтарына жауап іздеген тұрғындар да аз болмады. Мысалы, елордалық Жұлдыз Баянқызы Астана прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының мамандарына жүгінген, кеңес барысында мәселесі оң шешімін тапқан.

«Мен 2014 жылы көлігімді саттым, сатып алушы жарты ақшасын төлеп, көлікті алды да, жоғалып кетті. Біраз уақыт өткен соң сотқа жүгініп, алаяқ 2016 жылы шартты түрде үш жылға бас бостандығынан айырылған. Сондай-ақ қалған 1300000 теңге соманы төлеуге міндеттеме алды. Алайда ол қалған ақшаны өтей алмай, түрмеге отырды. 2018 жылы қалалық сот маған хабар бермей, оны мерзімінен бұрын босатып жіберген. Көлікті алған адам күні бүгінге дейін менімен есеп айырыспады. Менің құқығым өрескел бұзылып тұр. «Халық заңгері» акциясының арқасында білікті заңгерден қай органдарға жүгініп, қалған ақшамды қалай өндіруге болатынын толықтай білдім. Мұндай іс-шаралар құқық қорғаушыларға жүгінуге қаражаты жетпейтін қарапайым халық үшін өте пайдалы. Оның үстіне осы жерде прокуратура, антикор, әкімдік өкілдері толық отыр. Жәй күндері бұл есіктерге алдын ала жазылмай бас сұға алмайсыз. Мұндай шаралар жиі өткізіліп тұруы керек», – Жұлдыз Баянқызы.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, акция 2016 жылдан бастап тұрақты негізде өткізіліп келеді. Биылғы іс-шараны өткізу үкімет тарапынан үлкен қолдауға ие болып, су тасқынына қарсы іс-шаралар шеңберінде құқықтық көмек көрсетуге бағытталған. Аталған акция аясында республика бойынша 150 мыңнан астам азамат тегін заңгерлік көмек алды.

Қаламгүл Әділова

Астана қаласы