Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 16:29

Хасан Қасымбаевтың ісінде тағы бір жәбірленуші пайда болды

Хасан
Фото: Жас алаш коллаж

«Хуторлықтар» атты ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі деп танылған Хасан Қасымбаевтың ісінде тағы бір жәбірленуші пайда болды. Бұл туралы бірінші жәбірленушінің адвокаты мәлімдеді.

Еске салайық, Хасан Қасымбаевқа қатысты бұрын адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бопсалау фактілері бойынша тергеу басталған болатын. Әлішер Әлішев Хасанның ісі бойынша екі жәбірленуші бар екенін растады.

«Ұрлау және денсаулыққа ауыр зиян келтіру басқа адамға, ал бопсалау бойынша басқа жәбірленушіге қатысты қылмыстық іс қаралуда», - деді адвокат.

Ол сондай-ақ Хасан Қасымбаевтың қазіргі уақытта түрмеде отырғанын мәлімдеді. Әлішевтің айтуынша, қосымша тергеу амалдары жүргізілуде.

«Қазір тергеу әрекеттерінің аяқталуын және іс материалдарымен танысу мүмкіндігін күтеміз. Тергеу жүріп жатыр, нәтижелерді күтеміз», - деді адвокат Әлішер Әлішев.

Айта кетейік, Хасан Қасымбаевтың есімі Талғардағы Шерзат Болаттың өлімінен кейін танылып кетті. Orda.kz ақпарат көздері Алматы облысының соты Хасан Қасымбаевты 2 айға қамау жайлы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұған дейін Қасымбаевтың қамауға алынғанын полиция растаған болатын. Алматы облысының құқық қорғау органдары күтпеген операция жүргізіп, Талғардағы атышулы Хасанды 2021 жылы жасаған қылмысы үшін қамауға алды.

Еске сала кетейік, Хасан Қасымбаевтың інісі Ержан Қасымбаев 2017 жылдан бері кеденші Медет Жамашевті өлтіргені үшін түрмеде отыр. Ал Шерзаттың өлімінен кейін, 15 қазанда Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы болып отырған Аслан Қасымбаев қызметінен босатылды.

Тегтер: