Саясат

Трамп Украина мен Ресей арасындағы келіссөз жақындағанын мәлімдеді

Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Дональд Трамп Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясы аясында кездесті.

Путин, Трамп пен Зеленский

Келіссөздің негізгі тақырыптары энергетикалық инфрақұрылымға шабуылдарды тоқтату, қыс қарсаңында Украинаның әуе қорғанысын күшейту және ықтимал дипломатиялық қадамдар болды.

АҚШ арағайындығымен энергетикалық бітім

Кездесуден кейін Владимир Зеленский Украина Ресеймен энергетикалық инфрақұрылымға өзара соққы жасамау жөнінде келісуге дайын екенін мәлімдеді. АҚШ бұл ұсынысты Мәскеуге ресми түрде жеткізеді деп күтіліп отыр.

Бұған дейін БАҚ-та Дональд Трамптың Киевті Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасауды тоқтатуға шақырғаны туралы ақпарат тараған. Оның пікірінше, мұндай соққылар әлемдік нарықта дизель отыны бағасының өсуіне әсер етуі мүмкін.

Украинада Patriot зымырандарын өндіру

Келіссөздегі екінші маңызды мәселе – Украинаның әуе қорғанысын күшейту. Киев әуе қорғанысына арналған «қысқы пакет» алуға үміттеніп отыр. Сонымен қатар Patriot жүйесіне арналған зениттік зымырандарды Украина аумағында өндіруге лицензия беру жөнінде келіссөз басталған.

«Командаларымыздың Украинада Patriot жүйесіне арналған зымыран-тосқауылдарды өндіруді іске қосу бағытындағы жұмысын жалғастырып жатқанына ризамын. Егер Ресей келіссөзден бас тартып, осы қыста баллистикалық террорды жалғастырса, дәл осы мүмкіндік адамдардың өмірін қорғауға көмектеседі», – деп жазды Зеленский Telegram-арнасында.

Трамп кездесу басталар алдында технологияларды беру мәселесіне қатысты қойылған сұраққа нақты жауап бермей, бұл тақырып келіссөз күн тәртібінде тұрғанын айтты.

Бейбіт келіссөздің келешегі

Украина басшысымен кездесу алдында БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген Дональд Трамп қақтығыстың екі тарабы да ұзаққа созылған соғыстан «әбден мезі болғанын» айтып, келіссөз арқылы реттеуге жақын арада қол жеткізуге болатынын мәлімдеді.

Зеленскийдің айтуынша, кездесуде тараптар дипломатияға нақты жол ашуы мүмкін деэскалациялық қадамдарды да талқылаған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз