Әлеумет

Хиджаб дауына қатысты даулы жазба жариялаған мұғалім жұмыстан кетті

Қарағанды облысында хиджаб мәселесіне қатысты әлеуметтік желіде даулы жазба жариялаған информатика пәнінің мұғалімі қызметінен кетті.

 Жарқын Әбдікәрімов

Оқиға Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзған жекеменшік білім беру ұйымдары лицензиясынан айырылуы мүмкін екенін мәлімдегеннен кейін басталған. Министрлік атап өткен талаптардың бірі - мектеп оқушыларының хиджаб киюіне қатысты мәселе.

Осыдан кейін Жарқын Әбдікәрімов Threads желісінде Қазақстанға қатысты ауыр сөздер жазған. Жазба қоғамның наразылығын тудырып, әлеуметтік желі қолданушылары құқық қорғау органдарынан шара қабылдауды талап етті.

Кейін оның Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернатта информатика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтіні белгілі болды.

Журналистерге берген түсініктемесінде педагог жазбаны эмоцияға беріліп, ашумен жазғанын айтты. Ол қазақстандықтардан кешірім сұрап, елін жақсы көретінін және өзін патриот санайтынын жеткізді. Сондай-ақ оның мектепте оқитын қызы бар екені және қызының хиджаб кимейтіні белгілі болды. Кейін мұғалім даулы жазбасын өшірген.

Қарағанды облысының білім басқармасы 10 қыркүйектен бастап мұғаліммен еңбек шарты тоқтатылғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, Жарқын Рахымұлы Әбдікәрімов жұмыстан өз еркімен кеткен.

Бұған дейін облыстық полиция департаменті мұғалімнің әлеуметтік желідегі жазбасына қатысты тексеру жүргізілгенін хабарлаған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз