Әлеумет

Түркістандық сарбаздың анасы ұлына операция қажет екенін мәлімдеді

Түркістан облысының 19 жастағы тұрғыны денсаулығына байланысты мерзімді әскери қызметтен уақытынан бұрын босатылды.

Сарбаз

Жігіттің анасы ұлы әскерге алынбай тұрып оның денсаулығында кінәрат барын ескерткенін айтады.

Telegram-дағы «За нами уже выехали» арнасының хабарлауынша, жас жігіт 2025 жылдың қарашасында әскери қызметке жарамды деп танылып, Қонаев қаласындағы №58012 әскери бөлімге жіберілген.

Отбасының айтуынша, әскерге барғаннан кейін шамамен екі ай өткенде сарбаздың аяғы қатты ауырып, ақсай бастаған. Сарбаз денсаулығының нашарлағанын бірнеше рет айтқанын, алайда мәселе бірден шешілмегенін мәлімдеген.

Кейін әскери-дәрігерлік комиссия оны әскери қызметке жарамсыз деп таныған. Жігіт үйіне балдақпен оралған.

«Ұлыма енді операция қажет. Бірақ оны өз қаражатымызға жасатуға шамамыз жетпейді», – дейді сарбаздың анасы.

Қорғаныс министрлігі не дейді?

Қорғаныс министрлігі оқиғаға қатысты өз нұсқасын ұсынды. Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылғы қарашада медициналық тексеруден өткен кезде әскерге шақырылушы денсаулығына қатысты шағым айтпаған.

Оның әскери қызметке жарамдылығы туралы шешімді жергілікті атқарушы орган құрған медициналық комиссия қабылдаған.

Министрлік мәліметінше, сарбаз әскери қызмет кезінде денсаулығына шағымданғаннан кейін медициналық тексеруге жіберіліп, ауруханаға жатқызылған және тиісті ем алған. Дәрігерлер оның буындарында туа біткен патология барын, сондай-ақ несеп-жыныс жүйесіне қатысты ауруларды анықтаған.

Диагноздардың жиынтығын ескере отырып, әскери-дәрігерлік комиссия сарбазды әскери қызметке жарамсыз деп таныған. Осыдан кейін ол денсаулық жағдайына байланысты мерзімінен бұрын әскерден босатылды.

Айта кетейік, бұған дейін Қонаев гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі сарбаз Санжар Жанат казарманың төртінші қабатындағы терезеден құлап, ауыр жарақат алғаны хабарланған еді. Оқиға 3 тамызда болған. Іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, Қорғаныс министрлігі қызметтік тексеру тағайындаған. Сарбаздың терезеден құлау себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.

Тегтер: сарбаз
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз