Непалдағы алапат тасқын: қаза тапқандар саны 1 420 адамға жетті
Непал мен Қытайдың Тибет аймағындағы жойқын тасқын салдарынан кемінде 1 420 адам қаза тауып, 5 649 адам із-түзсіз жоғалған. Құтқару және іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Соңғы деректерге сәйкес, Непалдың өзінде 1 377 адамның қаза тапқаны расталған, тағы 5 130 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Жоғалғандардың 587-сі – шетел азаматтары.
Қытайдың Тибет автономиялық ауданында да адам шығыны тіркелген. Непал мен Тибеттегі деректерді қоса есептегенде, табиғи апат құрбандарының жалпы саны 1 420 адамға жеткен, ал хабар-ошарсыз кеткендер саны 5,6 мыңнан асқан.
Апат қалай басталды?
Жойқын апат 26 тамызда Гималай тауларында, Непал мен Тибет шекарасына жақын аумақта мұздық пен тау жыныстарының опырылуынан кейін болған.
Орасан зор су, мұз, лай және тау жыныстары өзен аңғарларымен төмен қарай ағып, жолындағы елді мекендер мен инфрақұрылымды қиратып кеткен. Тасқын үйлерді, автокөліктерді, жолдар мен көпірлерді шайып, бірнеше су электр станциясына ауыр зақым келтірді.
Апаттан әсіресе Непалдың бірқатар ауданы қатты зардап шекті. Елдегі соңғы мәлімет бойынша, Читванда 364, Шығыс Навалпарасиде 228, Батыс Навалпарасиде 222, Нувакотта 198, Расувада 178 адамның денесі табылған.
Мыңдаған адам әлі іздестіріліп жатыр
Құтқарушылар қираған елді мекендерде ғана емес, гидроэлектр станцияларының тоннельдерінде де адамдарды іздеп жатыр. Апат кезінде бірқатар жұмысшы жер астындағы тоннельдерде қалып қойған.
Бұған дейін құтқарушылар бірнеше адамды апаттан бірнеше күн өткеннен кейін тірі алып шықты. Соның ішінде Қытай азаматы тасқыннан кейін 10 күн өткенде тоннельден тірі құтқарылған.
Непалда осы уақытқа дейін 13 мыңнан астам адам құтқарылған. Жолдар мен көпірлердің қирауына байланысты кейбір шалғай аудандарға азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да қажетті заттар дрондар арқылы жеткізіліп жатыр.
Непал халықаралық көмек сұрады
Табиғи апат Непалдың инфрақұрылымына орасан зор шығын келтірді. Үкімет алғашқы қалпына келтіру жұмыстарына шамамен 5 млрд доллар қажет болуы мүмкін деп есептеп отыр.
Билік халықаралық қауымдастықтан қаржылай және гуманитарлық көмек сұрады. Құтқару операциялары жалғасып жатқандықтан, қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалғандардың саны әлі де өзгеруі мүмкін.