Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:22, 22 Ақпан 2024

"Иығының еті сөгіліп, сіңірі жыртылған": жарақатынан айықпаған Әбужақынова Ташкентке жарысқа бармақ

дзюдо
Фото: из открытых источников

Қазақстандық дзюдошы Әбиба Әбужақынова былтыр 2023 жылы Дохада өткен олимпиадада 48 келі салмақта 5-орын алған болатын. 

Сол жарыста спортшы ауыр жарақат алған. Яғни иығының еті сөгіліп, сіңірі жыртылған. 

"Қарсыласым иығымды жанши құлағанда мертікті. Содан бері емделіп келемін. Иығымның жарақатын асқындырып алмай баппен жаттығу жасатудың нәтижесінде додаға қатысып жүрмін. Толыққанды жазылдым деп айтуға әлі ерте, тіпті ота жасату керек. Оған уақыт өте тығыз, қыр астында Париж Олимпиадасы тұр. Содан кейін ғана ота жасатпасам, қазір үлгермеймін", – деді Әбиба.

Дзюдошы егер Париж Олимпиадасына жолдама алса, жарақатына қарамай боз кілемге шықпақ. 

"Басқа қандай амал бар? Қырсық қылғанда иығымның бір емес, екі жерінен еті сөгіліп, сіңірі жыртылып кетіп отыр. Қолдан келер бір ғана қайран – иықтың бұлшық етін шынықтырып, жарақатты ұлғайтып алмау ғана. Турникке тартылсам, қақсап ауырады", – деді ол. 

Спортшы Әбужақынованың жарақатына спорт журналисі Аслан Қаженов пікір білдірді. Оның айтуынша, Дохада өткен олимпиадада команданың қасында бірге дәрігер де болмаған. Тіпті емделуге қаражат пен мүмкіндік болмаған. Елге келгеннен кейін емделген де ғана сіңірінің жыртылғанын білген. Арада жыл өтсе де екі рет жарыстан жүлделі орын алған. Енді жарақаты жазылмай, ота қажетсінсе де 1 аптадан кейін өтетін Ташкенттегі жарысқа бармақшы. 

"Әбибаның былтыр алған жарақаты әлі жазылмаған. Оған, тіпті, операция жасау керек екен. Отандық дзюдоның басы-қасындағылар не қарап жүр? Әлгі, штаб қайда? Париж олимпиадасына дайындық деп, апта сайын бас қосасыңдар. Қабақты түйіп алып, бірдеңе талқылап отырасыңдар. Не айтып жатсыңдар өзі? Негізгі мәселе осы емес пе? Мына қыз неге мүгедектің күйін кешіп жүр? Жүлде алғаны керек. Ал, өзі ше? Енді оны бірер аптадан кейін Ташкентке сүйрелеп апармақпыз. Не істеп жатырмыз? Кейінгі жарыс соншалық маңызды ма? Бұл қыздың денсаулығын қайтеміз? Жалғыз ғана үмітіміз ғой. Оны да бейшара күйге түсірдік"- деді ол.