Әлеумет

Иран АҚШ базасына соққы жасар алдында Қытайдан спутник суреттерін алған

Иран Иорданиядағы АҚШ әскери базасына зымыранмен соққы жасамас бұрын Қытайдағы құрылымдардан нысанның жоғары сапалы спутниктік суреттерін алған.

Иран зымыраны

 Бұл туралы The Wall Street Journal америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлады. 

Басылым дерегінше, әңгіме Иорданияның солтүстік-шығысындағы Муваффак-Салти әуе базасы туралы. Иран 17 шілдеде аталған базаға баллистикалық зымырандармен шабуыл жасаған. Соққы салдарынан үш америкалық әскери қызметші қаза тауып, тағы төртеуі жараланған. 

АҚШ шенеуніктерінің мәліметінше, Тегеран базаның жоғары ажыратымдылықтағы спутниктік суреттерін қытайлық құрылымдардан шабуылға дейін де, одан кейін де алған. Вашингтон бұл суреттерді 17 шілдедегі шабуылмен байланыстырып отыр. 

Алайда америкалық шенеуніктер Иранға суреттерді нақты қай қытайлық компания немесе ұйым бергенін жарияламаған. Сондай-ақ олар Қытай үкіметін шабуылға тікелей қатысты деп айыптаған жоқ. 

WSJ мәліметінше, АҚШ өкілдері бұл мәселені Қытай тарапымен талқылаған. Қытай өкілдері айыптауларды қабылдамай, Вашингтоннан дәлел талап еткен. Бейжің бұған дейін де қытайлық компаниялардың Иранға АҚШ әскери нысандары туралы спутниктік ақпарат беріп отырғаны жөніндегі мәлімдемелерді жоққа шығарған. 

Бұл Иранның Қытай спутниктік технологияларын пайдалануы мүмкін екені туралы алғашқы ақпарат емес. Сәуірде Financial Times Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы 2024 жылдың соңында Қытайда жасалған TEE-01B спутнигін жасырын сатып алғанын жазған. Басылым дерегінше, спутник Таяу Шығыстағы АҚШ әскери нысандарын, соның ішінде Иорданиядағы Муваффак-Салти базасын бақылауға пайдаланылған. Қытай Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарған. Reuters аталған деректі тәуелсіз түрде растай алмағанын хабарлаған. 

The Wall Street Journal-дың қазіргі ақпараты бойынша да Қытай билігінің Иранның 17 шілдедегі шабуылын дайындауға тікелей қатысқаны туралы дәлел жарияланған жоқ.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз