Иран АҚШ-қа ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерді кейінге қалдыруды ұсынды — Axios
Тегеран жаңа ұсынысын Пәкістан делдалдары арқылы жолдады. Бұл туралы Axios порталына хабарлады.
Басылым дереккөзінің хабарлауынша, Иран СІМ басшысы Аббас Аракчи демалыс күндері делдалдарға ел басшылығында АҚШ талаптарына қалай жауап беру керектігіне қатысты ортақ пікір жоқ екенін аңғартқан. Вашингтон Ираннан уран байытуды кемінде 10 жылға тоқтатуды талап етіп отыр.
Тегеранның жаңа ұсынысы ұзақ мерзімді бітімді немесе соғысты толық аяқтауды көздейді. Ал ядролық бағдарлама бойынша келіссөздер тек Ормуз бұғазы ашылып, блокада алынғаннан кейін ғана басталуы тиіс.
Ақ үй мен Трамптың реакциясы
«Бұл — өте нәзік дипломатиялық талқылаулар, сондықтан АҚШ келіссөздерді БАҚ арқылы жүргізбейді», — деді Ақ үй өкілі Оливия Уэйлс Axios басылымына берген түсініктемесінде.
Сенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің арнайы өкілдерінің Пәкістанға жоспарланған сапарын тоқтатты. Олар Исламабадта Иран СІМ басшысы Аракчимен кездесуі керек еді.
Жексенбі күні Fox News эфирінде сөйлеген сөзінде Трамп: «Егер олар [Иран билігі] сөйлескісі келсе, бізге келсін немесе телефон соқсын», - деп мәлімдеді.
Тегеран алдымен экономикалық және логистикалық шектеулерді (Ормуз бұғазы) шешуді алға тартса, Вашингтон ядролық мәселе бойынша нақты кепілдіктер алмайынша қысымды азайтпайтын сыңайлы. Трамптың «тікелей байланыс» тактикасы келіссөздердің форматын өзгертуі мүмкін.