Иран АҚШ-пен келіссөзді қайта бастау үшін жеті шарт қойды
Иран билігі АҚШ-пен келіссөздерді қайта бастау үшін Вашингтон жеті талапты орындауы керек екенін мәлімдеді.
Иранның Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Әли Бағери 27 қазанда Тегеранның келіссөзге қатысты ұстанымын жариялаған. Ал 31 қазанда кеңес хатшысы Мохсен Резаи бұл талаптар орындалмайынша АҚШ-пен келіссөз жүргізілмейтінін тағы да мәлімдеді.
Иран тарапы Вашингтонға мынадай жеті шарт қойған:
1. Иранға қарсы теңіз блокадасын тоқтату;
2. Ормуз бұғазы арқылы сауда және мұнай кемелерінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету;
3. Иранға салынған біржақты экономикалық санкцияларды алып тастау;
4. Иран мұнайының экспортына қойылған шектеулерді жою;
5. Шетелде бұғатталған Иранның қаржы активтерін босату;
6. Иранның ядролық материалдарын өз аумағында сақтау құқығын мойындау;
7. Соғыс қимылдарын тоқтату.
Тегеран бұл талаптарды екі ел арасындағы келіссөздерді қайта бастауға қажетті шарттар ретінде қарастырады.
Иран билігінің мәлімдеуінше, келіссөздер нақты нәтиже беруі үшін АҚШ алдымен экономикалық және әскери қысымды тоқтатуы тиіс.
Айта кетейік, Иран мен АҚШ арасындағы қатынастардың негізгі қайшылықтарының бірі – Тегеранның ядролық бағдарламасы. Вашингтон Иранның ядролық қару жасауына жол бермеуді көздесе, Тегеран өзінің ядролық бағдарламасы бейбіт мақсатқа бағытталғанын мәлімдеп келеді.
Әзірге АҚШ тарапының Иран ұсынған жеті шартқа қатысты ресми жауабы туралы ақпарат жоқ.