Сараптама

Иран әскери күштері Ормуз бұғазы арқылы өтіп бара жатқан танкерге оқ атты

Иран әскери күштері Ормуз бұғазы арқылы өтіп бара жатқан танкерге оқ атты. Бұл туралы Euronews хабарлады.

Ормуз

18 сәуір күні Ормуз бұғазындағы жағдай күрт шиеленіскен. АҚШ Иран порттарына қарсы блокадасын жалғастырса, Тегеран бұған дейін жариялаған теңіз жолын ашу шешімінен бас тартып, бұғаздан өтпек болған кемеге оқ атқан.

Ұлыбританияның теңіз сауда операциялары орталығының мәліметінше, Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының екі артиллериялық катері танкерге оқ жаудырған. Дегенмен кеме мен экипаж зардап шекпеген. Танкердің қай елге тиесілі екені және қай бағытта бет алғаны нақтыланбады.

TankerTrackers.com дерегінше, атыс салдарынан бірнеше кеме, оның ішінде Үндістан туы астындағы супертанкер бұғаздан кері бұрылуға мәжбүр болған.

Айта кетейік, бұған дейін Иран Ливандағы атысты тоқтату келісімінен кейін Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта жандандырғанын мәлімдеген еді. Бұл жаңалық әлемдік нарыққа оң әсер етіп, оптимизм тудырған.

Өз кезегінде Дональд Трамп АҚШ пен Иран арасында кең ауқымды келісімге қол жеткізу «өте жақын» екенін айтқан. Алайда Тегеран бұл мәлімдемені жоққа шығарып, байытылған уран қорынан бас тартпайтынын мәлімдеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз