Саясат

Иран екінші кезеңге келісім берді, Вэнс Исламабадқа бара жатыр

Иран әзірге соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздердің келесі кезеңіне қатысатынын ресми түрде растаған жоқ. Алайда БАҚ мәліметінше, бұл мәселеге қатысты Ислам республикасының Жоғарғы көшбасшысының келісімі алынған.

Вэнс

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Иранмен соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерді жалғастыру үшін Пәкістан астанасы Исламабадқа жол тартты. Бұл туралы америкалық дереккөздерге сілтеме жасаған Axios басылымы хабарлады.

Иран әзірге келіссөздердің екінші кезеңіне қатысатынын ресми түрде мәлімдеген жоқ. Axios жазуынша, «Ақ үй дүйсенбі күні бойы Тегераннан сигнал күтіп, келіссөз тобының Исламабадқа жіберілуін қарастырған».

Басылым дереккөзінің пікірінше, Иран келіссөз процесін Ислам революциясы сақшылары корпусы тарапынан жасалған қысымға байланысты созған. Әскери құрылым АҚШ-тың Ормуз бұғазындағы блокадасы жойылмайынша, келіссөз өткізбеуді талап еткен.

«Иранның келіссөз жүргізуші тобы Жоғарғы көшбасшының (Можтаба Хаменеи) рұқсатын күткен. Дереккөздің айтуынша, бұл рұқсат дүйсенбі кешкісін берілген», – деп жазады Axios.

Reuters агенттігінің Ирандағы дереккөзі де ресми мәлімдемелерге қарамастан, Тегеран келіссөздерге қатысу мүмкіндігін қарастырып жатқанын, алайда түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын айтқан. Ал Пәкістандағы дереккөз атысты тоқтату режимі Вашингтон уақыты бойынша сейсенбі күні 20:00-де аяқталатынын (Астана уақытымен сәрсенбі таңғы 05:00) мәлімдеген.

Axios мәліметінше, Дональд Трамп уақытты іс жүзінде бір күнге ұзартқан. Алғашында екі аптаға есептелген мерзім сейсенбіде аяқталуы тиіс болса, ол соңғы мерзімді сәрсенбі кешіне дейін созған.

Басылым дереккөздерінің бірі Вэнс сейсенбі таңертең ұшып кетеді десе, тағы бірі оның дүйсенбі кешінде-ақ жолға шыққанын айтады. Бұған дейін Reuters Вэнс әлі АҚШ-та екенін хабарлаған, ал басқа дереккөздер америкалық делегацияның жақын уақытта ғана ұшатынын жеткізген. CNN де бұл ақпаратты растаған.

АҚШ пен Иран делегациялары келіссөздердің екінші кезеңі 22 сәуір кешіне жоспарланғанын айтқанымен, екі тараптың қатаң мәлімдемелеріне байланысты жағдай әлі де тұрақсыз күйінде қалып отыр.

Ақ үй CNN сұрағына жауап беріп, нақты мерзім әзірге белгісіз екенін айтты. Дегенмен, делегацияның жақын уақытта жолға шығуы мүмкін екенін жоққа шығармады.

АҚШ президенті Дональд Трамп New York Post басылымына берген сұхбатында Вэнстің келіссөздерге қатысатынын растаған. Ол алғашқы кезеңде де америкалық делегацияны басқарған. Сонымен қатар, келіссөздерге Стив Уиткофф пен Джаред Кушнердің қатысуы мүмкін.

Вэнс Исламабадқа келген уақытта уақытша бітім мерзімі аяқталуға жақын болады. Трамп 19 сәуірде егер түпкілікті келісімге қол жеткізілмесе, Ирандағы көпірлер мен электр станцияларына соққы беретінін ескерткен.

Axios пікірінше, қысқа мерзім ішінде толыққанды келісім жасау қиын. Бірақ егер белгілі бір ілгерілеу байқалса, Трамп мерзімді ұзартуға келісуі мүмкін.

Пәкістан, Мысыр және Түркия делдал ретінде Иранды келіссөздердің екінші кезеңіне қатысуға шақырып отыр.

Жексенбі күні АҚШ Ормуз бұғазы арқылы өтпек болған Иран кемесін ұстап алғаннан кейін және Тегеран бұған жауап беретінін мәлімдеген соң, бітімнің тағдыры күмәнге түскен еді.

Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Багаи Вашингтонды келіссөз процесіне «жеткілікті деңгейде байыппен қарамай отыр» деп айыптады. Оның айтуынша, АҚШ «негізсіз және шындыққа жанаспайтын талаптарды» алға тартуда. Ал жоғары лауазымды ирандық шенеунік Reuters агенттігіне Тегеранның қорғаныс мүмкіндіктері, соның ішінде зымыран бағдарламасы келіссөз тақырыбы болмайтынын айтқан.

Пәкістан қауіпсіздік қызметіндегі дереккөздің мәліметінше, негізгі делдал – Пәкістан армиясының бас қолбасшысы Асим Мунир – Трамппен сөйлесу барысында АҚШ-тың Ормуз бұғазындағы блокадасы келіссөздерге үлкен кедергі келтіріп отырғанын жеткізген. АҚШ президенті бұл мәселені ескеруге уәде берген.

Трамп бұған дейін бітімді ұзарту мүмкіндігі туралы сұраққа нақты жауап бермеген. Ол блокаданың сақталатынын айтып, «келісім болмайынша, оны алып тастамаймыз» деген. Оның сөзінше, бұл Иран экономикасына ауыр соққы болып, ел күніне шамамен 500 миллион доллар жоғалтып отыр.

Ормуз
Фото: Getty images

Ормуз бұғазындағы текетірес

Ормуз бұғазы – әлемдік экономика үшін аса маңызды теңіз жолы. Әлемдегі мұнайдың шамамен 20 пайызы осы бағыт арқылы тасымалданады.

28 ақпанда АҚШ пен Израильдің шабуылынан кейін Иран бұл бұғаз арқылы өту қауіпсіз емес екенін мәлімдеді. Тегеран су жолының миналанғанын айтып, блокаданы бұзған кемелерге оқ атылуы мүмкін екенін ескертті.

Алғашқы күндері бұл қауіп расталып, бұғаздан өтпек болған бірнеше танкерге дрондар шабуыл жасаған. Нәтижесінде жүздеген кеме тоқтап, мұнай бағасы күрт өскен.

Бұл Иранның алдын ала ойластырылған стратегиясы ретінде бағаланды: энергия бағасының қымбаттауы АҚШ-ты соғысты тоқтатуға мәжбүр етеді деген есеп болған.

Сонымен қатар, Иран өз танкерлерін бұғаз арқылы өткізіп отырған. Бұған жауап ретінде АҚШ та Иранды мұнай табысынан айыру үшін бұғазды блокадаға алған. 12 сәуірде АҚШ Орталық қолбасшылығы өз әскери кемелері Иран порттарына бағытталған және одан шыққан кемелердің жолын бөгейтінін мәлімдеген.

17 сәуірде Иран бұғазды уақытша ашқанымен, бір күннен кейін АҚШ блокадасы алынбаған соң, өз шектеуін қайта енгізді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз