спорт

Иран футболдан әлем чемпионатына қатысу үшін FIFA-ға 10 талап қойды

Иран жазда өтетін футболдан әлем чемпионатына қатысуға дайын екенін растады. Алайда ел құрамасының турнирге қатысуына байланысты шиеленіс күшейген тұста Тегеран FIFA мен жарысты қабылдайтын мемлекеттерге бірқатар талап қойған.

Иран футболы

Бұл туралы BBC хабарлады.

Иран футбол федерациясы (FFIRI) елдің турнирге “өзінің сенімі, мәдениеті мен құндылықтарынан ешқандай бас тартусыз” қатысатынын мәлімдеді. Сондай-ақ қабылдаушы елдер Иранның алаңдаушылықтарын ескеруі тиіс екенін атап өтті.

Бұл талаптар FFIRI президенті Мехди Таджға өткен айда FIFA конгресіне қатысу үшін Канадаға кіруге рұқсат берілмегеннен кейін жария болды. Кейін ол Иран FIFA-ға әлем чемпионатына қатысу үшін 10 шарт жолдағанын айтты. Турнир 11 маусымда АҚШ, Мексика және Канадада басталады.

Иран талаптарының қатарында барлық ойыншыларға, жаттықтырушыларға және ресми тұлғаларға виза беруге кепілдік беру бар. Оның ішінде Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) құрамында әскери қызмет өткергендер де қамтылған. ИРСК Канада мен АҚШ-та террористік ұйым деп танылған. Ал Тадждың ИРСК-пен байланысы оның Канадаға кіргізілмеуінің басты себебі ретінде аталған.

Сондай-ақ Иран құрамасы ұлттық әнұран орындалуы мен ту көтерілуі кезінде хаттамалық талаптардың сақталуын, әуежайлар, қонақүйлер мен стадиондарда қауіпсіздіктің күшейтілуін талап етіп отыр.

Сарапшылардың пікірінше, FIFA бұл талаптардың бір бөлігін орындай алады. Әсіресе турнирді ұйымдастыру мен делегацияларға хаттамалық құрмет көрсету мәселесінде. Алайда виза мен шекаралық бақылау мәселесі АҚШ билігінің құзырында қалып отыр.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Рубио ирандық футболшылар турнирге қабылданатынын айтқан. Бірақ ИРСК-пен байланысы бар тұлғалардың АҚШ-қа кіруіне шектеу қойылуы мүмкін екенін ескерткен.

Бұл жағдай FIFA-ны күрделі таңдаудың алдында қалдырды: бір жағынан барлық іріктеуден өткен құрамалардың қатысуын қамтамасыз ету, екінші жағынан Тегеран мен Вашингтон арасындағы саяси шындықты ескеру қажет.

Еске салайық, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға ауқымды соққы жасаған болатын. Бұған жауап ретінде Иран Израильге және Парсы шығанағындағы АҚШ-тың одақтас елдеріне шабуыл ұйымдастырды. Содан бері тараптар арасындағы соғыс қимылдары уақытша бітім аясында негізінен тоқтатылған.

Тегтер: Иран футболы
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз