Иран мен АҚШ бітімді ұзартуға келісті – БАҚ
Иран мен АҚШ өзара түсіністік туралы меморандумда қарастырылған 60 күндік бітімді ұзартуға келісті.
Бұл туралы 17 тамызда Al Arabiya телеарнасы дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Бұған дейін Al Jazeera АҚШ пен Иран арасындағы әскери іс-қимылдарды тоқтатуға бағытталған меморандумның мерзімі 17 тамызда аяқталатынын, алайда тараптардың оны ұзартуға дайын екені байқалмай отырғанын жазған еді.
«Біз әзірге АҚШ-пен келіссөздерді қайта бастау туралы шешім қабылдаған жоқпыз», – деген болатын Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи.
Al Jazeera мәліметінше, келісімге 17 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Иран президенті Масуд Пезешкиан Пәкістанның арағайындығымен өткен келіссөздерден кейін қол қойған. Құжат мыңдаған адамның өмірін қиған және Парсы шығанағындағы саудаға, соның ішінде мұнай мен газ экспортына айтарлықтай әсер еткен үш айдан астам уақытқа созылған соғысты тоқтатуға тиіс болған.
Меморандумда Иран мен АҚШ «әскери іс-қимылдарды дереу тоқтатуға», сондай-ақ барлық майдандағы ұрыстардың толық тоқтатылуын түпкілікті келісіммен бекітуге уағдаласқаны айтылған.
Құжатқа сәйкес, түпкілікті келісімді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мақұлдап, ол ең көбі 60 күн ішінде жасалуға тиіс еді. Бұл мерзім тараптардың өзара келісімі бойынша ұзартылуы мүмкін.
Алайда 17 тамызда Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Багаи Вашингтон тарапынан жасалған заңбұзушылықтарға байланысты меморандумның енді күшін жоғалтқанын мәлімдеді.
«АҚШ өзара түсіністік туралы меморандумды басынан бастап бұзып келді», – деп келтіреді Mehr агенттігі Багаидың брифингте айтқан сөзін.
Иран дипломатының айтуынша, меморандум мәтінінде келісімнің әрекет ету мерзімін 60 күн деп белгілейтін жеке тармақ болмаған. Оның түсіндіруінше, құжатта тек ядролық мәселе бойынша келіссөздерді 60 күн бойы жүргізу қарастырылған.
Багаи Иранның қандай да бір мерзімге қатысты міндеттеме алмағанын және Тегеран алдағы шешімдерді өзінің ұлттық мүдделері мен пайымдарына сүйене отырып қабылдайтынын атап өтті.