Иран Ормуз бұғазын ашу үшін АҚШ-тан өтемақы талап етті
Қазіргі уақытта Иран мен Оман Ормуз бұғазы арқылы кемелер қозғалысын уақытша қалпына келтіру жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр.
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Тегеранның Оманмен Ормуз бұғазына қатысты келісімге келуге жақын екенін мәлімдеді. Алайда оның айтуынша, бұл бұғаз арқылы кеме қатынасы бірден қалпына келеді дегенді білдірмейді.
Иран СІМ басшысы Ормуз бұғазының ашылуы басқа да бірқатар шартқа байланысты екенін айтты. Соның ішінде Тегеран АҚШ-тан бейбіт келісімді бұзғаны үшін өтемақы төлеуді талап етіп отыр.
Аракчидің сөзінше, Иран мен Оман Ормуз бұғазы арқылы кемелер қозғалысын уақытша қалпына келтірудің егжей-тегжейін талқылауды жалғастыруда.
Қазір екі ел коммерциялық кемелердің Иранның аумақтық сулары арқылы кіріп, Оман сулары арқылы шығуына мүмкіндік беретін тәртіпті қарастырып жатыр.
Иран Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұл жоспар бастапқыда екі-үш айға есептелген. Қажет болған жағдайда оның мерзімі ұзартылуы мүмкін.