Иранның сыртқы істер министрі Ресейге барады
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи 27 сәуір күні Ресейге сапармен барады. Бұл туралы Иранның Ресейдегі елшілігі хабарлады.
Аракчи Мәскеуде Ресейдің ресми тұлғаларымен Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздердің қазіргі жағдайын, атысты тоқтату шарттарын және өзге де өзекті мәселелерді талқылайды. Сондай-ақ ол Ресей үкіметіне осы келіссөздер туралы ақпарат береді.
Иранның Ресейдегі елшісі Казем Джалали Аракчидің Ресей президенті Владимир Путинмен де кездесу өткізетінін айтты.
Бұл ақпаратты Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та растады.
Бұған дейін, жұма күні Аббас Аракчи АҚШ-пен бейбіт келіссөздерді қайта бастауға қатысты ұсыныстарды талқылау үшін Пәкістанға барған болатын. Алайда Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі ел ресми тұлғалары АҚШ делегациясымен тікелей кездесу жоспарламай отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Иранның ұсыныстары мен алаңдаушылықтары Пәкістан арқылы жеткізіледі.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Иран олардың талаптарын қанағаттандыратын ұсыныс дайындайды деп күтіп отырғанын айтты. Дегенмен ол бұл ұсыныстың нақты мазмұны қандай болатынын әзірге білмейтінін жеткізді.