Әлеумет

ИРСК Ормуз бұғазында танкердің минаға жарылғанын мәлімдеді

Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) Ормуз бұғазынан Иранның келісімінсіз өтпек болған мұнай танкері өзі орнатқан минаға жарылғанын мәлімдеді.

Ормуз

 Бұл туралы 23 шілдеде Иранның Tasnim агенттігі хабарлады.

ИРСК таратқан мәлімдемеге сәйкес, «АҚШ армиясының ықпалымен» үш мұнай танкері Ормуз бұғазының оңтүстігіндегі миналанған бағытпен жүруге әрекеттенген. Алайда олардың бірінде жарылыс болып, қатты өрт шыққаннан кейін қалған екі кеме кері қайтқан.

ИРСК әскери-теңіз күштері АҚШ өңірдегі «басқыншылық әрекеттерін» тоқтатпайынша Ормуз бұғазын бұғаттауды жалғастыратынын мәлімдеді. Сондай-ақ Иранмен келіспей бұғаздан өтпек болған кез келген кеменің тағдыры жарылған танкермен бірдей болатынын ескертті.

Сонымен қатар, Financial Times басылымы спутниктік суреттерге сүйене отырып, грек кеме магнаты Георгиос Прокопиуға тиесілі Kavomaleas танкері Иран тарапынан қолға түсуі мүмкін екенін хабарлады.

Басылымның мәліметінше, танкер 19 шілде күні кешке Ормуз бұғазында атқылауға ұшыраған. Ол Оманнан Парсы шығанағына қарай бет алған кезде екі снаряд тиген. Соның салдарынан машина бөлімінде өрт шығып, экипаж кемені тастап кетуге мәжбүр болған.

21 шілдеде Еуропалық ғарыш агенттігінің (ESA) спутниктік суреттерінде көлемі мен палубасының түсі Kavomaleas танкеріне сәйкес келетін кеме Иранның аумақтық суларындағы Ларек аралы маңынан байқалған. Суреттерден кеме қозғалтқыш бөлімінен түтін шығып тұрғаны көрінеді.

Ал танкер шабуылға ұшыраған теңіз аумағы қазір бос. Сарапшылар мұны кеменің Иран тарапынан қолға түсірілген болуы мүмкін деген болжамға дәлел ретінде қарастырып отыр.

Financial Times дерегінше, танкер Парсы шығанағынан 500 мың баррельден астам мұнай тиеп шығуы тиіс болған. Спутниктік суреттерде шабуылға ұшыраған кеменің артында мұнай ізі қалғаны да байқалады.

Кемеге иелік ететін Dynacom компаниясы танкерді ешқайда сүйреп әкетуге рұқсат бермегенін мәлімдеп, оның нақты қайда екенін анықтауға тырысып жатқанын хабарлады.

Financial Times мәліметінше, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциялары басталғалы Ормуз бұғазы маңында 45 кеме түрлі шабуылдарға ұшыраған. Ал Kavomaleas оқиғасы қақтығыс басталғалы бері Иран тарапынан кеме басып алудың ықтимал үшінші жағдайы болуы мүмкін.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз