Әлеумет

Испания премьері Палестина туын көтерген футболшыны қолдады

Испания премьер-министрі Педро Санчес ел чемпиондығын тойлау кезінде Палестина туын көтерген Ламин Ямаль әрекетін ашық түрде қолдады.

Р

11 мамыр күні чемпиондық парад барысында Барселона клубының жас жұлдызы Ламин Ямаль Палестина туымен көзге түскен еді. Бұл оқиға Испания мен Израиль арасында жаңа саяси пікірталас туғызды.

Премьер-министр Педро Санчес футболшының әрекетін палестин халқымен ынтымақтастықтың белгісі деп бағалап, мұндай көзқарасты «миллиондаған испандық қолдайтынын» айтты.

Ал «Барселона» клубы футболшының бұл әрекеті клубтың ресми ұстанымы емес екенін мәлімдеп, оны Ямальдың «жеке шешімі» деп атады. БАҚ мәліметінше, каталон клубы Израильдегі жанкүйерлер қауымдастығына арнайы хат та жолдаған.

Марокколық тамыры бар Ламин Ямальдың Палестина туымен шығуы Израильде де сынға ұшырады. Израиль қорғаныс министрі Израэль Кац мұны «арандату» және «өшпенділік тудыратын әрекет» деп бағалаған.

Бұған жауап ретінде Педро Санчес әлеуметтік желіде:

«Бұл әрекет — футболшыны мақтан тұтуға тағы бір себеп», — деп жазды.

Даулы жағдай соңғы уақытта Испания мен Израиль арасындағы қарым-қатынастың күрт шиеленіскен тұсына сәйкес келіп отыр. Мадрид Газа секторындағы соғысқа байланысты Израильді барған сайын қатты сынай бастады.

2024 жылы Испания Ирландия және Норвегия елдерімен бірге Палестина мемлекетін ресми түрде таныған алғашқы ірі еуропалық мемлекеттердің бірі болды. Алайда Педро Санчес бұл шешімнің Израильге қарсы бағытталмағанын бірнеше рет айтқан.

Соған қарамастан, кейінгі айларда Испания премьері риторикасын күшейтіп, Еуроодақты Израильмен серіктестік келісімін тоқтатуға шақырды. Сондай-ақ Брюссельді Ресейге санкция салып, Израильге қатысты дәл сондай қадамға бармай отырғаны үшін «қос стандарт» ұстанып отыр деп сынады.

Осы ахуал аясында Испанияның мемлекеттік телеарнасы Eurovision Song Contest 2026 байқауына Израиль қатысушысының жіберілуіне наразылық білдіріп, эфирлік бойкот жариялағаны да хабарланды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз