Қоғам

Ыстанбұлдағы кездесу: ТМҰ-ның ықпалы артып келеді

Кейінгі жылдары Түркі мемлекеттері ұйымы қанатын кеңге жайып, геосаяси ықпалы артып келе жатқанын байқап отырмыз. Мысалы, 2022 жылға дейін ТМҰ символикалық мәнге ғана ие ұйым саналып, ұйым саммиті жылына бір мәрте ғана өтсе, 2023 жылдан бері жылына бір рет ресми, бір рет бейресми саммит ұйымдастырылып келеді.

ТМҰ

Жақында Түркияның ірі саяси әрі мәдени орталығы саналатын Ыстанбұл қаласында Түркі мемлекеттері ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысы өтті. Жиын түркі әлеміндегі саяси және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды алаңдардың бірі ретінде бағаланып отыр. Сарапшылардың пікірінше, кейінгі жылдары ТМҰ аймақтағы ықпалды халықаралық ұйымдардың біріне айналып келеді.

Түркі мемлекеттері ұйымы – түркітілдес елдердің саяси, экономикалық және мәдени байланысын дамыту мақсатында құрылған халықаралық құрылым. Ұйымның негізі 2009 жылы қаланған. Сол жылы Нахчыван қаласында қабылданған келісім негізінде Түркі кеңесі құрылып, кейін ол Түркі мемлекеттері ұйымына айналды. Бірақ оған дейін де Түркия және КСРО-дан тәуелсіздік алған түркі елдері ұйым немесе одақ ретінде емес, серіктес ретінде байланыста болған. 1992 жылы 30 қазанда сол кездегі Түркия президенті Тұрғыт Озалдың бастамасымен Анкарада Түркітілдес мемлекеттердің бірінші саммиті өтті. 2008 жылға дейін мұндай саммит 8 мәрте ұйымдастырылды.

Қазір ұйымға Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия және Өзбекстан толыққанды мүше болып отыр. Ал Венгрия мен Түркіменстан ұйымға бақылаушы мемлекет ретінде қатысады.

ТМҰ аясындағы ынтымақтастық саяси диалогпен ғана шектелмейді. Ұйым экономикалық байланыстарды дамыту, көлік және логистика, энергетика, білім, мәдениет, туризм және цифрлық технологиялар салаларында да бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жалпы халық саны – 175 млн адам, жер аумағы – 4,5 млн шаршы шақырым. Ұйымға мүше мемлекеттердің жалпы ішкі өнімі 2,1 трлн доллардан асады. Сондықтан ТМҰ кеңістігі Еуразиядағы маңызды геосаяси және экономикалық аймақтардың біріне айналып отыр.

7 наурыз күні өткен Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысы ТМҰ-ға мүше елдердің өзара іс-қимылын күшейтуге арналған кезекті маңызды кездесу болды. Отырысқа Қазақстан делегациясын ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев бастап барды.

Жиынға мүше мемлекеттердің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары, сондай-ақ ұйымның Бас хатшысы қатысты. Кездесуді Хакан Фидан жүргізді.

Кездесу барысында қатысушылар өңірлік және жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, түркі елдері арасындағы саяси диалогты нығайту, институционалдық ынтымақтастықты кеңейту және түркі әлеміндегі интеграциялық процестерді тереңдету мәселелері сөз болды.

Сондай-ақ ұйым аясында жүзеге асырылып жатқан бастамалар мен алдағы халықаралық іс-шараларға дайындық мәселелері қарастырылды. Тараптар мүше мемлекеттердің сыртқы саясаттағы ұстанымдарын үйлестіруді күшейту қажеттігін де атап өтті.

Кейінгі жылдары ТМҰ елдері арасындағы экономикалық және көлік байланыстары айтарлықтай жандана түсті. Әсіресе Еуразия құрлығы арқылы өтетін көлік дәліздерін дамыту мәселесі күн тәртібінде маңызды орын алады. Бұл тұрғыда Каспий теңізі арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағыты ерекше маңызға ие.

Сарапшылардың айтуынша, түркі мемлекеттері арасындағы интеграция экономикалық пайдадан бөлек, аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ білім беру, ғылым және мәдениет салаларындағы бірлескен бағдарламалар түркі халықтарының тарихи және мәдени байланысын күшейте түседі.

«Тұран одағын құру туралы идея тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап айтылып жүр. Бұл негізі жақсы идея. Алаш арыстары да осы идеяны қолдағанын ұмытпағанымыз жөн. Ал қазір бұл идеяны жүзеге асыруға Түркия президенті Ердоған ниетті болып отыр. Бірақ бұған дейін Түркі мемлекеттер ұйымының жұмысын жандандыруға бағытталған жұмыстар баяу жүрді. Кейінгі кезде ғана Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдер осы идеяға біршама ден қойып жатыр. Ал Әзербайжан бұл идеяға біржола бет бұрып, Түркиямен одақтастыққа қол жеткізіп отыр. Соның нәтижесінде жерін де қайтарып алды. Бізге қарағанда өзінің айтары бар, беделді елге айналып келе жатыр. Біз де осы жолға түсуіміз керек. Еліміздің саяси тәуелсіздігін нығайтатын факторлардың бірі осы Тұран одағы деп есептеймін. Ұйымның экономикалық қуаты, демографиясы ешкімнен кем болмас еді. ТМҰ шын мәнінде құрылып, жұмыс істесе, әлем елдерінің бәрі санасатын күшті одақ болар еді», – дейді саясаттанушы Сайын Борбасов.

Ыстанбұлдағы кездесу аясында делегация басшылары Режеп Тайип Ердоғанның қабылдауында болды. Сұхбат барысында Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы жоспарларды да қарастырды. Сондай-ақ түркі ынтымақтастығы шеңберіндегі бірлескен бастамаларды ілгерілету мәселелері сөз болды.

Кездесу барысында қатысушылар бауырлас түркі мемлекеттері арасындағы байланыстарды одан әрі күшейтуге және түркі әлемінің халықаралық әрі өңірлік процестердегі рөлін арттыруға ортақ мүдделілік білдірді.

Отырыс қорытындысында ТМҰ Сыртқы істер министрлері Таяу Шығыстағы қазіргі оқиғаларға қатысты бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сондай-ақ ТМҰ+ форматында үшінші тараптармен ынтымақтастықты дамытуға арналған ереже бекітілді.

Бұл құжат ұйымның халықаралық серіктестермен байланысын кеңейтуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай бастамалар ТМҰ-ның халықаралық аренадағы рөлін күшейтіп, оның ықпалын арттыра түседі.

Қазіргі таңда Түркі мемлекеттері ұйымы мәдени-тарихи байланыстарды нығайтатын құрылым болумен шектелмей, аймақтық саясат пен экономикада маңызды рөл атқаратын халықаралық ұйымға айналып келеді.

Ыстанбұлдағы кездесу де осы үрдістің жалғасы ретінде бағаланып отыр. Түркі елдерінің өзара ынтымақтастығы күшейген сайын олардың халықаралық саясаттағы ықпалы да арта түсетіні анық. Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары ТМҰ аясындағы интеграциялық процестер одан әрі тереңдеп, ұйым Еуразия кеңістігіндегі маңызды саяси-экономикалық орталықтардың біріне айналуы мүмкін.

Қуан Өмірхан

Тегтер: ТМҰ
Жангүл Есениязова
Жангүл Есениязова Жангүл Есениязова

Оқыңыз