Израиль армиясы Газада 1,2 шақырымдық туннельді жойды

Израильдің Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) «ХАМАС» қозғалысына тиесілі тағы бір туннельді жойғанын хабарлады.
Ұзындығы 1,2 шақырым, ал тереңдігі шамамен 20 метр болатын бұл туннель Газа секторының солтүстігінде орналасқан.
Израиль армиясының ресми мәлімдемесіне сәйкес, операция кезінде дрон көмегімен жарылғыш құрылғы орнатпақ болған бірнеше ХАМАС содырлары анықталып, нақты соққымен жойылған. Туннель маңында қару-жарақ сақталған қойма табылып, онда 20-ға жуық жарылғыш зат пен танкіге қарсы зымырандар тәркіленді.
The Jerusalem Post басылымы Израиль армиясындағы дереккөздерге сілтеме жасап, 1,5 жылдан бері жалғасып жатқан соғыс кезінде тек ХАМАС-қа тиесілі туннельдердің төрттен бірі ғана жойылғанын хабарлады. Бұл туннельдер — қозғалыс пен қару жеткізудің негізгі желісі ретінде қолданылып келген.
Израильдің әскери сарапшысы Йосси Иегошуа Ynet басылымындағы мақаласында негізгі мәселе — жойылмаған туннельдерде ғана емес, сонымен қатар Израиль армиясының әрекеттері мен ресми мәлімдемелер арасындағы алшақтықта екенін алға тартты.
Ол мысал ретінде өткен жылы "Рафах" бригадасы толығымен жойылды деген ресми мәлімдемені келтіріп, жуырда Израильдің Бас штаб бастығы әскерилерге «Рафах» бригадасын жеңу әлі де маңызды екенін ескерткенін айтады. Бұл — аталған бригаданың толық жойылмағанын көрсетеді.
"Рафах" бригадасы күлден қайта тірілген жоқ, ол ешқашан толық жеңілмеген", — деп жазады Иегошуа.
Сарапшының пікірінше, ресми хабарламалар мен шынайы жағдай арасындағы мұндай сәйкессіздіктер Израиль қоғамының армияға деген сеніміне нұқсан келтіруде.