Израиль Үкіметі Катарлық «Al-Jazeera» телеарнасының елде көрсетілуіне тыйым салды
Кнессет - Израиль Үкіметі Катарлық «Al Jazeera» телеарнасының елде көрсетілуіне 45 күнге тыйым салу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы The Times of Israel жазды, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Израиль премьер-министрлер кеңсесінің мәлімдемесіне қарағанда, Дохада орналасқан Al Jazeera телеарнасының Израильдегі жұмысын тоқтатып, кеңселерін жабу туралы үкімет отырысында Байланыс министрі Шломо Кархидің бұл ұсынысы бірауыздан мақұлданған.
«Мен басқаратын үкімет Израильдегі арандатушы Әл-Жазираның қызметін тоқтатуға бірауыздан шешім қабылдады. Осыған байланысты Израильдегі «Әл-Жазираның» қарамағындағы телеарналар мен сайттардың қызметін, олардың хабар таратуын тоқтату, веб-сайттарына кіруге тыйым салу, кеңселерін жабу және жабдықтарын тәркілеу туралы шешім қабылданды, деді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху әлеуметтік желідегі жазбасында.
Ал, Haaretz басылымының хабарлауынша, бұл шешім «Әл-Жазираның» қызметін 45 күнге тоқтатады. Алдағы уақытта бұл мерзім ұзартылуы мүмкін.
Фото: GETTY IMAGES