Германия Украинаға қару-жарақ пен энергетикаға 1,35 млрд евро бөледі
Германия Украинаға 1,35 млрд евро көлемінде жаңа көмек пакетін бөледі.
Қаражаттың 1 млрд евросы әскери қолдауға, тағы 350 млн евросы энергетика инфрақұрылымын қалпына келтіруге бағытталады.
Бұл туралы Reuters Германия үкіметіндегі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Германия канцлері Фридрих Мерц 4 қазанда Киевке барды. Ол сапар барысында Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесіп, жаңа қолдау шараларын жарияламақ.
Мерцтің айтуынша, Украина алдағы апталарда ерекше қолдауға мұқтаж. Себебі Ресей Украина қалаларына, тұрғын үйлер мен жылу нысандарына шабуылдарын күшейткен.
«Мен бүгін Киевке Украинаға дәл қазір біздің барлық қолдауымыз қажет болғандықтан келдім. Егер Ресей тоқтатылмаса, ерте ме, кеш пе оның соғыс машинасы бізге қарсы бұрылады», – деді Германия канцлері.
Reuters мәліметінше, Германия бөлетін 1 млрд евро әскери көмек қару-жарақ пен қорғаныс саласына жұмсалады. Ал 350 млн евро Ресей шабуылдарынан зақымданған энергетика нысандарын жөндеуге бағытталмақ.
Сапар барысында Германия мен Украина дрон өндірісі бойынша келісімді аяқтауды жоспарлап отыр. Негізгі бағыттардың бірі – Ресей соңғы айларда жиі қолдана бастаған жоғары жылдамдықтағы шабуылдаушы дрондарға қарсы дрондар шығару.
Канцлермен бірге Киевке Германияның экономика істері министрі Катарина Райхе және Siemens Energy, Hensoldt, Diehl Defence, Quantum Systems секілді ірі неміс компанияларының өкілдері де барған.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Германиямен дрон, зымыран және оларға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету өндірісі бойынша келісім жақын арада аяқталатынын айтқан еді.
Reuters жазуынша, Германия Украинадан Еуропалық одақ талап етіп отырған реформаларды, соның ішінде жемқорлықпен күрес бағытындағы жұмысты жалғастыруды да күтеді.