Қазақстанның экс-вице-премьері АҚШ-та ЖИ министрлігін құруды ұсынды
Қазақстанның бұрынғы вице-премьері Ербол Орынбаев АҚШ-та жасанды интеллект министрлігін құруды ұсынды. Бұл туралы ол Fortune журналында жарияланған авторлық мақаласында жазды.
Орынбаевтың пікірінше, жасанды интеллект индустриясына құйылып жатқан орасан инвестиция АҚШ экономикасы үшін жаңа тәуекелдер туғызуда. Сондықтан саланы бақылайтын жеке мемлекеттік орган қажет. Ол ЖИ модельдерін аудиттен өткізіп, нарық ережелерін белгілеп, талаптарды бұзған компанияларға шара қолдануы тиіс деп есептейді.
Fortune Орынбаевты Қазақстанның бұрынғы вице-премьері, президенттің экономикалық саясат жөніндегі экс-көмекшісі және Дүниежүзілік банктегі Қазақстанның бұрынғы өкілі ретінде таныстырған. Басылым сондай-ақ оның Қазақстанды 2008 жылғы қаржы дағдарысынан алып шығуға атсалысқанын атап өткен.
Айта кеейік, Орынбаевтың есімі кейінгі жылдары Jusan Technologies төңірегіндегі халықаралық сот дауларында да аталды. Ұлыбританиядағы сот материалдарына қатысты жарияланымдарда оған компанияның беделін басқаруға байланысты жұмыс үшін 64 мың доллар төленгені хабарланған. Бұл төлемнің заңсыз болғаны туралы сот қорытындысы жоқ.
2024 жылы АҚШ-та Jysan Holding Орынбаевқа қарсы азаматтық талап түсірсе, кейін Орынбаев пен Uconinvest өздері Jysan Holding, Jusan Technologies және бірқатар тұлғаларға қарсы сотқа жүгінген.