Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:44, 24 Сәуір 2024

Қалибек Қуанышбаев атындағы драма театрына ұлттық мәртебе берілді

а
Фото:

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына ұлттық мәртебе берілді.

Мемлекет басшысы жарлыққа қол қойған күннен бастап театр «Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры» деп аталады, делінген Мәдениет министрлігінің хабарламасында.

Қалибек Қуанышбаев атындағы драма театрына ұлттық мәртебе берілуіне байланысты театр актері, Асылбек Қапаев: 

"Былтыр "Жошы хан" премьерасы кезінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келді. Спектакльден соң сахна сыртына келіп, бізге: "қуанышты жаңалығым бар. Театрға ұлттық мәртебе беретін құжатқа қол қойдым" деп айтты. Біздің қуанышымызда шек болмады. Одан бөлек Президент театрымызға арнап арнайы автобус сыйлады. Бұл екі есе қуаныш болды. Ұлттық мәртебе біздің қойылымдардың салмағын арттыра түседі. Біз енді ұлттық құндылықтарды насихаттайтын шығармаларды көбірек қоятын боламыз. Жауапкершілік те артады"

Айта кетейік, театр алғаш рет 1991 жылы 15 қарашада Астана қаласында Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясымен шымылдығын ашты. Алғашқы қойылымды дарынды режиссер, театрдың негізін қалаушы Жақып Омаров қойды. Театр алғашқы жүлдесін 1996 жылы Уфа қаласында түркітілдес мемлекеттер арасында өткен «Туғанлық» халықаралық театр фестивалінде алды. 1993 жылы Қалибек Қуанышбаевтың 100 жылдығы құрметіне орай театрға актер есімі берілді. 2011 жылы 14 желтоқсанда өнер ордасына «академиялық театр» мәртебесі берілді.

Бүгінде ұлттың рухани сұранысын танытатын киелі шаңырақты Жақып Омаров, Қадыр Жетпісбаев пен Кеңес Одағының халық әртісі, «Халық қаһарманы» Әзірбайжан Мәмбетов сынды өнерпаздар басқарды. Қалибек Қуанышбаева ұлттық және әлемдік драматургиямен үнемі жаңарып, толықтырылып отырады. 

Театрдың актерлік құрамда 84 актер бар, оның 4-і «Қазақстан Республикасының халық әртісі», 4-і «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі», 22-сі «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері», 3-і Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Қазақстан Республикасының «Дарын» Жастар сыйлығының иегері, 2 – ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты, 10 – «Ерен еңбегі үшін» , 5 – Қазақстан Республикасы Жастар Одағының «Серпер» медальдарының иегері.
Тәуелсіздікпен құрдас Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ драма театры биыл 33 жасқа толып отыр.

2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен елорданың сәулетті сәулетіне сән беретін жаңа театр ғимараты салынды. Бұл өнерге мемлекеттің ерекше қамқорлығы.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Тегтер: