Оқиғалар

«Қансыраған денесін бөлмеге тығып қойған»: Қызылордада колледж жатақханасынан студенттің мәйіті табылды

Қызылордада «Болашақ» медициналық колледжінің жатақханасында 1-курс студенті көз жұмды. Ал марқұмның ата-анасы ұлдарының әлімжеттіктің құрбаны болғанына сенімді. Олар жоғарғы курста оқитын бірнеше бала 16-жастағы Нұрдәулет Мырзалыны ұрып өлтіріп, мәйітін жасырмақ болған дейді. Қазір оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды «Информбюро» бағдарламасы.

Нұрдәулет Мырзалы

Ата-анасының айтуынша 16-жастағы жеткіншекті 3-курс студенттері түн ішінде жабылып ұрып-соққан. Ал қайғыдан қан жұтқан отбасы сол түні балаларға бас-көз бола алмаған қызметкерлерді кінәлайды. Қаралы хабарды естіп, Қазалы ауданынан колледжге жеткен ата-анасы жағдайды естіп жағамызды ұстадық дейді. Марқұмның әкесі жоғарғы курс студенттері өзінен кіші шәкірттерді жатақхананың фитнес залына апарып әбден азаптағанын айтады.

«Бала сол ұрған жерде кеткен. Олар жедел әрдемді уақытында шақырмаған. Дер кезінде шақырғанда үлгеріп қалар ма еді? Олар баланы алып шыққан да өзінің бөлмесіне апарған», - дейді марқұмның әкесі Руслан Сейсенбаев.

Яғни студенттер қылмысты жасыруға тырысты дейді марқұмның туыстары. Бәрінен бұрын жатақханада тәртіптің жоқ екенін, әлімжеттіктің жиі болатынын енді естіп жатырмыз деп ашынады.

«Қан іздерімен сүйреп алып бара жатқанын көргендер болған. Кейін бөлмеге тығып қойған. Енді осындай жағдайлар бұрын да болғанын естіп жатырмыз», - дейді марқұмның әпкесі Римма Елеусізова.

Қызылордада колледж жатақханасында көз жұмған 16 жастағы Нұрдәулет Мырзалының өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта бір студент қамауға алынған.

Қызылорда облыстық полиция департаментінің мәліметінше, іс Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен тергеліп жатыр.

Оқиғадан кейін колледж әкімшілігі ішкі тексеріс басталғанын хабарлады. Сонымен қатар бірнеше қызметкер қызметінен босатылған.

Колледж директорының орынбасары Гүлмира Өтеулиеваның айтуынша, оқу орны ішінде де, құзырлы органдар тарапынан да жан-жақты тексеру жүргізілуде.

«Бірқатар адам жауапқа тартылып жатыр. Студенттер әлімжеттік болмағанын айтты. Олардың сөзінше, «жай ғана реніштен жұдырықпен ұрдық, мұндай жағдай болады деп ойламадық» деген», - деді ол.

Марқұмның туыстары оқиғаға қатысы бар барлық студенттер мен жатақханадағы қауіпсіздікке жауапты қызметкерлер заң алдында жауап беруі керек деп санайды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз