Қан доноры болғысы келетін адам нені білуі керек?
Әлеуметтік желіде түрлі ауру хәлде жатқан, қан жетіспейтін науқастарға шұғыл көмек іздеп жатады. Егер донор болғыңыз келген жағдайда, нені ескеру керек, қандай талаптар қойылады, бұл туралы Zhasalash.kz жазды.
Республикалық қан орталығының қан дайындау және іріктеу бөлімі меңгерушісі Қымбат Жамашова қалай қан доноры болуға болатынын айтып берді.
1. Кім қан доноры бола алады?
Донор — қан беретін адам.
Қазақстанда 18 жастан асқан, дені сау, медициналық тексеруден өткен және қан беруге қарсы көрсеткіштері жоқ, өз еркімен қан тапсыруға ниетті кез келген адам донор бола алады. Оның тағы мынадай шарттары бар:
— Донордың салмағы 50 келіден, бойы 150 сантимерден кем болмауға тиіс.
— Қан берер алдында дене температурасын өлшегенде 37°С-тан жоғары болмауы керек.
— Жүрек қағысының рұқсат етілетін жиілігі — тамыр соғысының жиілігі минутына 50-100 рет соғуы керек.
— Гемоглобин нормасы әйелдерде 120-дан жоғары, ерлерде 130-дан жоғары болса ғана, донор болуға рұқсат етіледі.
2. Кім қан доноры бола алмайды?
Қан доноры болуға уақытша және тұрақты шектеулер бар.
- АИТВ немесе өзге инфекциялық ауру жұқтырған;
- есірткі пайдаланған;
- алкогольға тәуелді;
- жүрек-қан тамыр аурулары бар;
- онкологиялық диспансер есебінде тұрған;
- туберкулездің кез келген түрімен ауыратын;
- гепатитпен ауырған/ауыратын адамдар қан доноры бола алмайды.
Бұл азаматтар - тұрақты категорияға кіреді, яғни мүлдем донор бола алмайды.
Сонымен қатар уақытша шектеудегі азаматтар бар.
- спирттік ішімдік ішкен адам 48 сағатқа,
- аппэндектомия жасатқан, өт қабын алып тастаған, тіс жұлдыру операциясын жасатқан, тату салдырған, құлағын тестірген, татуаж жасатқан адам төрт айға дейін;
- кездейсоқ жыныстық қатынасқа түскен азаматтар донорлықтан төрт айға;
- антибиотик ішсе, екі аптаға,
- ОРВИ-мен ауырса, бір айға;
- вакцина салдырса, екі немесе төрт аптаға донорлықтан шеттетіледі.
- Ал адамның қан қысымы жоғары болса, түскенін күту керек.
Донор болатын адам өтеулі режимінде қан тапсырғысы келген жағдайда, оған 2 АЕК (2023 жылғы 1 АЕК - 3 450 теңге) көлемінде бір реттік төлем төленеді.