Оқиғалар

Қарағандыда жоғалған банк картасымен дүкен аралаған күдікті қолға түсті

Қарағанды тұрғыны әмиянын жоғалтқанын банк мобильді қосымшасынан келген хабарламалар арқылы ғана білген. Белгісіз біреу оның банк картасын пайдаланып, дүкендерде сауда жасап үлгерген.

полиция

59 жастағы азаматтың айтуынша, мобильді қосымшаға картадан қаражаттың шешілгені туралы хабарламалар келе бастаған. Осыдан кейін қалтасын тексерген ол әмиянының жоғалғанын анықтайды. Әмиянның ішінде банк карталарынан бөлек, жеке куәлігі мен қолма-қол ақшасы да болған.

Жәбірленуші бірден полицияға жүгінгенімен, әмиянның нақты қай жерде және қандай жағдайда жоғалғанын айта алмаған. Соған қарамастан тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын дереу бастап, күдіктіні іздеуге кірісті.

Жедел қызметкерлердің кәсіби әрекетінің нәтижесінде көп ұзамай қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 37 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша ол жәбірленушінің банк карталарын пайдаланып, сауда орындарында төлем жасаған.

Күдіктіні ұстау барысында іске қатысты заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз