Қарағандыдағы Федоров су қоймасында екі жас жігіт қаза тапты
Қарағанды қаласындағы Федоров су қоймасында екі жас жігіт суға батып қайтыс болды. Қайғылы оқиға шомылуға тыйым салынған аумақта болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, суға батқан азаматтар 2004 және 2005 жылы туған.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар іздестіру жұмыстарын жүргізіп, марқұмдардың денелерін жағалаудан шамамен 15 метр қашықтықта, бес метр тереңдіктен тапқан.
Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, аталған су айдынының бұл бөлігі шомылуға арналмаған. Мамандардың айтуынша, су түбінің бедері күрделі әрі тереңдігі кенет өзгеріп отырады, бұл тіпті тәжірибелі жүзушілер үшін де қауіп төндіреді.
Ведомство тұрғындар мен қала қонақтарын судағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға, арнайы жабдықталмаған және шомылуға тыйым салынған орындарға бармауға шақырды.
ТЖД өкілдері мұндай ережелерді елемеу орны толмас қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін екенін ескертті.