Қарашөкеевтің кабинетінен шыққан Баубековке бәрібір
Жол салу үйге «пол» салу емес. Иә, ерте көктемде қамданбағандар қыстыгүні дірдектеп, қар жауғанда көше-көшеге асфальт төсеп, жанталасып жүргендерді де талай көргенбіз.
Мұндай жағдай Жорабек Баубеков басқаратын Меркі ауданында биыл тағы қайталанатындай...
«Биыл тағы» деуіміздің себебі – бұл ауданда 2022 жылы 20 көшеде, 2023 жылы 16 көшеде жол жөндеу жұмыстары аяқталмай қалған болатын. Яғни Меркіге 2022 жылдың көктемінде әкім болған Баубековке өткен жылдардағы кемшіліктер биыл да сабақ болмапты. Айталық, ауданға биыл қаржы бөлініп, мердігері мерзімінде бітіруге мойнына алған 54 көшенің 16-сында күздің екінші айы басталса да, жол жөндеу жұмыстары әлі басталмаған. Оның 15-і «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша жүзеге асырылуы тиіс болған. Бұл ретте 14 көшенің жолын жөндеуді «Қазақ жолы 2050» ЖШС атты бір ғана мердігер ұтып алыпты. Ойқы-шойқысы шыққан жолдарының жөндеу жұмыстары басталмаған басқа аудандар да бар. Байзақта – 3, Қордайда – 1, Тараз қаласында 1 көшеде әлі жөндеу жұмысы басталмаған.
Биыл Жамбыл облысында жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 25,5 миллиард теңге бөлініпті. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің айтуынша, бұл қаржыға 16,5 шақырым көше жолдары мен 1 көпірдің құрылысы, 3 шақырым жолды қайта жаңғырту және 671 шақырым жолды орта жөндеу жүргізілу жоспарланған.
Бүгінде 15 жобада конкурс рәсімдері аяқталмаған. Ал 22 жобада жұмыстар әлі басталмаған. Мысалы, аудандық маңызы бар «Отар-Сұлутөр-Көктөбе» автожолының 0-16 шақырымын орташа жөндеу жұмыстары мамыр айында басталғанымен, бүгінде 16 шақырымның тек 6,7 шақырымы, яғни 42 пайызына ғана асфальт төселген.
Сондай-ақ Мойынқұм ауданында 2023 жылдан өтпелі саналатын Көкжелек ауылына кіреберіс жолының 4,7 шақырымын орта жөндеу жұмыстары әлі күнге басталмаған. Бұл жобаға облыстық бюджеттен 70,2 миллион теңге бөлінген болатын. Осы шаруаны қолға алған «DAUREN BUILD» ЖШС өткен жылы да облыста 19 жобаның жұмыстарын сапасыз атқарып, соңы үлкен дауға ұласқан еді. Енді тапсырыс беруші тарапынан сотқа талап-арыз жолданып, сот процесі басталыпты. Мамандар бұл жерде де жұмыстар мерзімінде аяқталмайды деп отыр.
Жыл басынан бері «Сапа» орталығымен жөндеу жұмыстары жүріп жатқан 228 жолға зерделеу жүргізіліп, 962 сынама алыныпты. Нәтижесінде, 538 сынамада сәйкессіздіктер мен кемшіліктер анықталып, оларды жою бойынша шаралар қабылданған.
Әдетте әкімдер жобалардың дер кезінде аяқталмауын қаржының кеш бөлінуіне сілтей салып жатады. Расында, қаржы қол байлау болып, жұмыс жүрмей тұрып қалатын кездерді жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бірді-екілі емес, 3 жыл бойына бақандай 20 шақты көшесінің жолы шұрық-тесік, кедір-бұдыр күйінде келесі жылға өтпелі болып отырғаны әкім жұмысын қалай атқарғанының бір көрсеткіші болса керек-ті. Білуімізше, бұл мәселе облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің кабинетінде де талқыланып, Баубековке бұл жұмысты бітіруге тиісті мерзім беріліпті. Әй, бірақ Баубековке бәрібір сияқты...
Нұрболат ӘЛДИБЕК
Жамбыл облысы