Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің басшыларының бірі ұсталды
Каспий теңізінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты Қазақстан Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы Данияр Хайрушев ұсталды. Оның ұсталғанын Қорғаныс министрлігі растады.
Іс бойынша барлығы командалық құрамның бес өкілі ұсталған. Олардың қатарында ВМС бас қолбасшысының бірінші орынбасарынан бөлек, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскері ротасының командирі және катер командирі бар. Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтаудағы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу барысында оқу-жаттығу тапсырмасын қолайсыз ауа райында өткізу туралы шешім қалай қабылданғаны, қауіпсіздік шараларының сақталғаны, метеорологиялық жағдайлардың ескерілгені және «Қайсар» катерінің техникалық жағдайы тексерілмек.