Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 02 Мамыр 2024

Катарда өткен халықаралық форумда не айтылды?

Катар

2024 жылғы 29-30 сәуірде Доха қаласында (Катар) «Орталық Азия елдерімен және Әзербайжан республикасымен бірлескен Араб экономикалық және ынтымақтастық форумының» үшінші отырысы өтті.

Араб мемлекеттері лигасының ұйымдастыруымен өткен министрлік деңгейдегі іс-шараға Қазақстан тарапынан сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев қатысты.

Форумға Қазақстан атынан қатысқан мамандар іс-шараның өңіраралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызын, Орталық Азия, Әзербайжан және күллі араб елдері арасындағы тамыры терең тарихи достық пен туыстық қарым-қатынасты, ортақ рухани құндылықтар мен мәдени байланыстарды атап өтті.

Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымына мүше 186 мемлекет және халықаралық ұйымдармен дипломатиялық қатынас орнатқан. Қазір әлемдегі геосаяси ахуал өте күрделі, қиыс басқан әр қадам халықаралық ұрысқа себеп болуы мүмкін. Бұған былтырдан бері дүбірі басылмай тұрған Таяу Шығыстағы жанжалдар дәлел.

Бұл өңірдегі мылтық дауысы бізге алыстан естілгенімен, қақтығыс жырақта болып жатыр деп, арқаны кеңге салуға негіз жоқ. Таяу Шығыстағы соғыс Иранды шарпыса, дүмпуі Каспий теңізі арқылы бізге де әсер етуі мүмкін. Оны аз десеңіз, Оңтүстікте жарылар сәтін күткен минадай, Ауғанстан жатыр. Бұл елмен бізді Орталық Азиядағы мемлекеттер ғана бөліп тұр. Демек, Араб әлемі мен Орталық Азияның тыныштығы Қазақстан үшін аса қажет.

Ал туысқан Әзербайжан елі өнімдерімізді Ресейді баспай, Еуропаға жеткізуге мүмкіндік беретін жалғыз жол. Мұнай мен газды Мәскеуге мойынсұнбай, өз бетімізше экспорттау үшін бар үмітті Бакуге артып отырмыз. Сондықтан Әзербайжанмен тығыз қарым-қатынас да Қазақстан үшін өте маңызды.

Катар төріндегі кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық, қаржы, инновация, энергетика және жаңа энергия көздері, туризм, инфрақұрылымды дамыту, транзиттік-көліктік әлеует, азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы секторы және қоршаған орта мен су мәселелері сөз болды. Тараптар осы салалар бойынша өзара ынтымақтастықты дамытуға уағдаласып, қол алысып, тарқасты. Сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысын жетілдіру жоспарланды.

Қазақстанның араб елдерімен сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени және ғылыми салалардағы бірлескен жобалары мен бастамалары аз емес. Кезекті форумда жауапты тұлғалар осы жобалардың болашағын талқылап, оны кеңейтуге әрбір ел мүдделі екені айтылды.

Араб мемлекеттері лигасы – құрамына Азия мен Африка құрлығындағы 22 мемлекет кіретін ірі ұйым. Ұйымға Катар, Біріккен араб әмірліктері, Сауд Арабиясы сынды экономикалық әлеуеті жоғары елдер мүше болып отыр. Мұндай ұйыммен дипломатиялық қарым-қатынас орнату ел экономикасына оң әсер етуі мүмкін.

Сауд Арабиясы – Қазақстанның Таяу Шығыс өңіріндегі ғана емес, араб әлеміндегі басты саяси серіктестерінің бірі. Екі ел халықаралық және өңірлік формат алаңдарында бірлесе жұмыс жүргізіп келеді. Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы корольдігі арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанына биыл 30 жыл толды. Сарапшылар болашақта қазақ-сауд ынтымақтастығы өркендей беретініне сенім білдіріп отыр.

Ұйымға мүше тағы бір ел – Катармен де дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанымызға 30 жыл толды. 2023 жылғы 7 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Катар арасындағы тауар айналымы 2 есеге артып, 4,8 миллион долларға жетті (2022 жылғы қаңтар-шілде – 2,8 миллион доллар). Экспорт 0,4 миллион, импорт 4,3 миллион доллар болды. Жалпы 2005 жылдан бастап 2022 жылға дейін 56,6 миллион доллар сомасына инвестиция тартылды. Қазір Қазақстанда 3 катарлық компания жұмыс істеп жатыр, оның біреуі қаржы секторында, екеуі ғылыми-зерттеу секторында қызмет етеді.

Қазақстан Біріккен араб әмірліктерімен еркін сауда аймағын құруға күш салып жатыр. Былтыр осы бағытта бірнеше келіссөз өткен. Қазақстан мен БАӘ арасындағы екіжақты сауда белсенді дамып келеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 632,6 миллион доллар болды, оның ішінде Қазақстан экспорты 560 миллион, БАӘ-ден импорт 72,3 миллион долларға жетті. Еркін сауда аймағы құрылса, кедендік алым-салық жойылып, Астана мен Абу-Даби арасындағы сауда көлемі арта түседі деген болжам бар.

Форумға қатысқан үшінші тарап – Әзербайжанмен қарым-қатынасымыз да тығыз. Тарихи тұрғыда бауырлас, көршілес ел. Ресми дерек бойынша, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 2020 жылдан бері 5 есе артты. Бұл елмен бірнеше халықаралық және өңірлік ұйымға ортақ мүше болып отырмыз.

Дохадағы кездесуге қатысқан елдер дүниежүзілік ұйымдарда бір-бірін қолдап отырады. Халықаралық күн тәртіптегі ең өзекті мәселелер төңірегінде саяси ұстанымы мен көзқарасы алшақ емес. Форум барысында экономикалық келіссөздерден бөлек, геосаяси мәселелер де сөз болды. Мысалы, тұтас әлем көз тігіп отырған Таяу Шығыстағы аса күрделі жағдай бойынша Қазақстанның ұстанымы айқын. Астана зорлық-зомбылықты тоқтатуға үндеп, халықаралық бейбіт келіссөздер мен бастамаларға қолдау көрсетіп келеді. Қазақстан «екі ел – екі халық» ұстанымын жақтайды.

Бұған дейін Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Эр-Рияд қаласында өткен Араб мемлекеттері лигасы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымының кезектен тыс бірлескен саммитінде Астана палестиналықтардың өз мемлекетін құрудағы заңды құқықтарын қолдайтынын мәлімдеген.

Катарда өткен форумда да осы мәселе талқыланды. Палестина халқын қолдау мақсатында Қазақстан халықаралық ұйымдарға қаржылай жарна бөліп, Газа секторына материалдық гуманитарлық көмек жеткізген болатын. Форумға қатысушы елдер Қазақстанның аймақтағы жанжалды тоқтатып, бейбіт келісімді қолдау жөніндегі ұстанымын атап өтті. Таяу Шығыстағы күрделі жағдай өңірдің экономикасы мен қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырғаны анық. Сол үшін Дохада бас қосқан мемлекеттер аймақтағы қақтығысты тоқтатуға атсалысады.

Форум қорытындысы бойынша «Сын-тегеуріндер мен ұмтылыстар арасындағы бірлескен ынтымақтастықтың перспективалары» атты Доха декларациясы қабылданады.

Қуан Өмірхан