Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:14, 28 Наурыз 2024

Қауіпсіз болуымыз үшін халықтың санасы өсуі керек

1
Фото:

Елімізде жыл сайын «Қауіпсіз қоғам» науқаны бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл шара аясында құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, вандализммен күрес жүргізіліп келеді.

Бір қарағанда жұмыс істеліп жатқандай көрінеді. Алайда халыққа қауіпсіз қоғамды арнайы шара, науқан арқылы арттыруға бола ма?! Мұндай шаралардың нәтижесі қандай? Белгілі бір науқанның жетегінде құқықтық тәртіпті ретке келтіре аламыз ба? Біз бұл сауалдарды «Экономика және Құқық» институтының маманы, Жанар Мәмбетоваға қойып көрдік.

– Жанар ханым, қазір елде «Қауіпсіз қоғам» науқаны жайлы жиі естиміз. Шын мәнісінде, мұндай науқандар арқылы қоғамды қауіпсіз ете аламыз ба?

– Шынын айтқанда, мұндай шаралар белгілі бір уақытта өз көмегін тигізеді. Мысалы, былтыр Алматы қалалық ішкі істер департаменті осындай шараларды негіз етіп, 400-ге жуық рейд жүргізіпті. Олар ойын-сауық орындарын, саябақтарды, тұрғын үйлердің аулаларын бақылау арқылы бірқатар заң бұзушылықтарды байқаған. Заңды белден басқандарға айыппұл салынған. Ал енді биыл қалада бұл шара тағы жалғасын тауып жатыр. Департамент мамандары тағы сол заң бұзушылықтарды анықтап отыр. Қоғамдық орындарда шылым шегу, қоғамдық тәртіпті бұзу, жол ережесін сақтамау күнделікті қайталанып отыратын әдет. Меніңше, қоғам қауіпсіз болуы үшін ең алдымен адамның санасы өсуі керек. Еуропада халықтың мәдениеті жайлы жиі айтылады. Қазақстаннан шетелге барып келген азаматтар сол барған елінің мәдениетті екенін, көшеге қоқыс тастамайтынын, қоғамдық орындарда адамның мазасын алмайтынын мысал етіп келеді. Міне, бізге де алдымен осындай мәдениет, одан кейін, әрине, тәртіп керек. Әр адамның ішкі мәдениеті жоғары тәртібі мықты болса, қоғамда қорқынышты болмас еді.

– Демек, алдымен құқықтық мәдениет қалыптастыруымыз керек дейсіз ғой...

– Иә, алдымен құқықтық мәдениетті жетілдіруіміз керек. Ол үшін жас ұрпақтың санасына оны сіңіру қажет. Жастардың арасында құқықтық тәртіп, заң туралы дәрістер өткізгеніміз абзал. Зорлық-зомбылыққа қатысты, тұрмыстық жанжалға қатысты, еңбек құқы жөнінде дәрістер жиі оқылуы керек. Адамның жеке басының қауіпсіздігіне қатысты күнделікті ақпараттар ашық болуы қажет. Төтенше жағдайлардағы қауіпсіз қоғам түсінігі қандай болуы керек?! Жастар осының барлығынан хабардар болғаны жөн. Мысалы, өткенде Алматыда жер сілкінді. Сол кезде халықтың арасында қатты ажиотаж болды. Әлеуметтік желілерде бірінен кейін бірі түрлі хабарламалар келіп, елді одан әрі дүрліктірді. Осындай сәтте адам өзін-өзі қалай ұстауы керек, маңындағы жақындарына қалай көмектесуі қажет? Осының барлығынан елдің хабарсыз екенін білдік. «Қауіпсіз қоғам» дегеніңіз, ол тек қана құқықтық мәдениетті жоғарлатумен орнамайды немесе қандай да бір науқандық шараларды жүргізу арқылы қоғамды қауіпсіз ете алмайды. Қауіпсіз қоғам орнауы үшін әрбір тұлға сауатты, жан-жақты болуы тиіс. Білесіз, қазір екінің бірі алаяқтардың құрбаны болып жатыр. Бұл да қоғамға төнген қауіп. Күні кеше ғана менің алдыма Алматы қаласының тұрғыны (азаматша) келді. Әлеуметтік желі арқылы өзіне ұнаған косметикалық өнімге тапсырыс бермек болған. Тапсырысты жеткізіп беруші оған бір сайттың сілтемесін жіберіп, телефонына төрт сандық код келетінін айтқан. Әлгі кісі хабарламамен келген кодты жеткізушіге айтқан. Келесі күні таңертең банктік қосымшасын ашып қарап отырса, өзінің атына бір жылға 990 мың теңге несие рәсімделгенін білген. Бірден банкке барса, банк өкілдері: «Барлық деректерді өзіңіз төрт сандық код арқылы ашып бергенсіз. Біз ештеңе істей алмаймыз» деген. Енді ол азаматша бір жыл бойы банкке 82 500 теңге төлеп тұруы керек. Төлемесе, «қара тізімге» енеді, есепшоттары бұғатталады. Енді қараңыз, мұндай әрекеттер де қоғамға қауіпті ғой. Бұл құқықтық мәдениеттің төмендігінен емес, қаржылық қауіпсіздіктің төмендігінен орын алып отырған жайт. Сондықтан қауіпсіз қоғам болуымыз үшін қаржылық сауаттылық, қаржылық қауіпсіздік жағын да жетілдіру қажет. Цифрлық сауаттылық пен қауіпсіздік, адамның күнделікті өміріне не қажет соның барлығынан сауатты болуы керек. Қазіргі заман бізден осыны талап етіп отыр.

– Өзіңіз білесіз, бізде қиындыққа тап болғандарға көмектесетін орталықтар бар. Дау-жанжалдардың алдын алу үшін медиациялық қызметтер көрсетіліп жатады. Болашақта қоғамды алаяқтардан құтқару үшін не істеу керек деп ойлайсыз? Кейде бұл ретте заң да қауқарсыз болып жатады.

– Дұрыс айтасыз, алаяқтықтың дендеп кеткені соншалық, жаңағы өзім мысал етіп отырған Алматы қаласының тұрғынының жағдайында полиция бөлімшесіне барып арыз жазылды. Бірақ полиция өкілдері күн сайын қаншама арыз түсіп жататынын, ең алдымен жеке тұлғаның өзін-өзі ғана қорғай алатынын ашық айтып отыр. Сондықтан бұл арада тағы да сол халықтың көзінің ашық, көкірегі ояу болуы маңызды. Қиындыққа тап болғандарға көмектесетін орталықтар көптеп ашылуы, дау-жанжалды шешетін медиация қызметінің жетілуі де дұрыс. Кез келген өркениетті елдердің ұстанып отырған бағыты да осы. Біз де осы көштен қалмай келеміз. Бұдан бөлек, ерікті жастар жасағы деген де бар. Мәселен, Ақмола облысында «Жастар рухы» деген ерікті белсенділер тобы бар екен. Былтыр осы белсенді топтың мүшелері мыңнан астам адамды тексеріп, арасында ішімдікке салынғаны бар, есірткіге тәуелдісі бар, солардың 300-дейі есепке алыныпты. Бұл да қоғамның қауіпсіздігін қалыптастыратын бір шара. Бұдан соң Петропавлда ерікті жастардан құрылған топ «қолайсыз отбасыларды» есепке алуға дағдыланыпты. Былтыр 150 отбасы тексеріліп, балаларын қараусыз қалдырып, ішімдікке салынған бес ата-ана құқығынан айырылыпты. Міне, мұндай шаралар керек.

Жалпы, Қазақстанда «Қауіпсіз қоғам» жобасы тектен-текке қолға алынып отырған жоқ. Мұндай шара халықтың тыныштығына, құқықтық мәдениеттің қалыптасуына, заңдық тәртіптің орнауына өзіндік ықпалын тигізеді. Сондықтан бұл дүниелерді жергілікті әкімдік, полиция, құқық қорғау органдары үнемі назарда ұстап, атқаруы тиіс. Бірлесіп жұмыс істегенде ғана мұндай шаралар өз жемісін беретініне сенім мол.

Сұхбаттасқан

Қарлығаш САЙЛАУОВА

Тегтер: