Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:20, 30 Мамыр 2024

Қайтқан жүлде қайырлы

Анна Нұрмұхамбетова
ашық дереккөз

Ауыр атлетикадан Перу астанасы Лима қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатынан қуанышты хабар жетті.

 Қазақстандық ауыр атлет Анна Нұрмұхамбетоваға 2012 жылғы Лондон олимпиадасының күміс жүлдесі осы жарыс барысында табысталды. Сонымен, Лондон додасын 5-орында аяқтаған Анна жылдар өте келе жүлдегерлер қатарына қосылып қана қоймай, олимпиаданың вице-чемпионы дәрежесіне көтеріліп отыр.

Мәселенің мәнісі

2012 жылғы Лондон олимпиадасы қазақ спортының салтанаты іспетті болып еді. Отандастарымыз 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль жеңіп алып, елге зор жетістікпен оралды. Алайда кейінгі тексерулер нәтижесінде ауыр атлеттердің төртеуінен (И.Ильин, С.Подобедова, М.Манеза және З.Чиншанло) алтын жүлде қайтарып алынды. Зілтеміршілердің допинг сынамасы оң нәтиже беріп, ұзақ уақытқа айыпталды, тіпті осы шешім олардың спорттағы ғұмырына нүкте қойды десек те болады.

А.Нұрмұхамбетова 69 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Ол А тобында кіл мықтылар арасында жұлқи көтеруден – 115, серпе көтеруден 136 келі бағындырып, жалпы есепте 251 ұпай жинады. Чемпион атанған солтүстіккореялық Рим Жоң Сим Аннадан 10 ұпай артық иеленді (261), оның чемпиондық атағына кейін де ешқандай көлеңке түскен жоқ. Бұдан кейін үш ауыр атлет бірдей нәтиже көрсетті: күміс жүлде иеленген Роксана Кокош та (Румыния), қола жүлде алған Марина Шкерманкова да (Беларусь), төртінші орынға тұрақтаған оның отандасы Дина Сазановец те 256 ұпай көрсеткішімен тең тұрды. Талап бойынша, кімнің салмағы жеңіл болса, сол алға шығады. Сөйтіп, Кокош – күміс, Шкерманкова қола жүлде иегері атанды да, Сазановец төрттікті түйіндеді.

2018 жылы қайта тексеру нәтижесінде беларусь қыздарының қанынан допинг ізі табылды да, Шкерманкова мен Сазановец айыпталды. Енді 251 ұпай қола жүлдеге мүмкіндік берді. Бұл жүлде Нұрмұхамбетоваға ресми түрде табысталды да. «Әрине, олимпиада төрінде тұрып жүлде алғанның орны бөлек қой. Бірақ маған бұл қола да аса қымбат. Ең бастысы, неше жылдан кейін әділет салтанат құрды» деген еді сонда Анна.

Ал румын қызы Кокоштың допинг-сынамасы 2020 жылы қайта тексеруге жіберілді. Оның да ынталандырушы препаратқа жүгінгені сол жылы анықталғанмен, ХОК күміс жүлдені Нұрмұхамбетоваға тапсыру туралы шешімді енді ғана шығарып, жүзеге асырып отыр. Ештен кеш жақсы, Лондон төрінде қатты өкінген отандасымыз араға бір мүшелге жуық уақыт салып күміс жүлде тағынды.

Кім аяқтан шалды?

Ең қызығы, Анна Ұлыбритания астанасында-ақ олимпиада жүлдесін тағып қайтуы мүмкін еді. Бірақ ескеруге тиіс екі мәселе ол кезде зілтемірші қыздың аяғын тұсады.

Бірінші, Анна негізінен 75 келіде өнер көрсетіп жүрді. Бірақ бұл салмақ дәрежесінде С.Подобедова құраманың күмәнсіз көшбасшысы болғандықтан, бапкерлер құрамы Аннаны бір олимпиялық салмаққа – 69 келіге төмендетті. Сөйтіп, Нұрмұхамбетова Лондонға қарсыластарының ешбірін білмей аттанды. Ресейлік Ольга Зубова ғана таныс еді, бірақ Лондон алаңында ол өнер көрсеткен жоқ.

Екіншіден, Лондонда Аннаның әділ нәтижесін төрешілер есепке алмады. Отандасымыздың естелігіне жүгінейік: «Жұлқи көтеру бағдарламасында мен 110 және 115 келіні кезек көтердім де, үшінші мүмкіндігімде 117 келіге тапсырыс бердім. Оны таза көтердім. Бірақ қатемнің неде екенін өзім түсінбей қалдым. Егер бір қателік жіберсем, үш төреші де мүмкіндігімді санамас еді. Олар санады ғой! Қолыммен зілтемірді тым қатты басып барып көтерсем, сигналдың бірі міндетті түрде қызыл жануы керек еді. Бәрі ақ нүктені басты, мен көріп тұрдым. Кейін білгенімдей, беларусь бапкерлерінің бірі төрешілерге барып, менің қысымды дұрыс жасамағанымды айтып шағым түсірген. Сөйтіп, 117 ұпайым есепке алынбады. Мен сол кезде бірінші орында тұрдым. Іштей «жүлде бар» деп қанағаттанып, енді серпе көтеруге алаңсыз дайындалмақ едім. Өйткені чемпион атанған Рим де жұлқи көтерудегі соңғы талпынысында 117 келіні бағындыра алмады ғой. Оның үстіне шағым жасалған соң төрешілер біраз уақыт видеоны қайта қарады да, мен алаңдап тұрып, серпе көтеруге жақсы дайындала алмадым. Санамда хабарлаушының «no lift» деген сөзі әлі тұр, сенсеңіз. Осының кесірінен қатты ренжіп қалдым, қарқынымнан айырылдым. Аяқтан шалмағанда, мен серпе көтеруде үш мүмкіндікті де сәтті пайдалана алар едім. Үздік үштікке енуге тырысар едім. 136 келіні көтеріп, одан кейін екі рет 140 келіні бағындыра алмай, жарысты 251 ұпаймен аяқтадым» (prosport.kz. «Я не расстраиваюсь». 20.08.2012).

Араға 12 жыл салып қайтарылған күмістің тарихы осындай. Қазіргі шешім бойынша, Рим Жоң Сим – олимпиада чемпионы, Анна Нұрмұхамбетова – күміс жүлдегер, ал қола жүлде енді колумбиялық Убалдина Валоеске (246 ұпай) беріледі.

Сонымен, Лондонда қанша жүлде алдық?

Әр жылдардағы шешімге орай, Лондон олимпиадасында қазақстандық спортшылардың 4 жүлдесі (барлығы да алтын) кері қайтарып алынды, екі жүлде (бір күміс және бір қола) қарсыластардан алып, біздің спортшыларға берілді.

Естеріңізде болса, еркін күрестен 120 келіде өнер көрсеткен Дәулет Шабанбайға да олимпиада қоласы араға жылдар салып табыс етілген еді. Шабанбай қола жүлде үшін белдесуде ресейлік Біләл Маховқа есе жіберді. Бірақ олимпиада чемпионы атанған Артур Таймазовтың да, күміс жүлдегер Давит Модзманашвилидің де (Грузия) допинг айыбына жығылуына байланысты, қола жүлде үшін белдесулерде қарсыластарын жеңген Комейд Гасеми (Иран) және Б.Махов Лондон олимпиадасының алтын-күмісін алды. Біздің Дәулет америкалық Тервел Длагневпен бірге Лондон олимпиадасының қола жүлдесін тағынды.

Сонымен, Лондон олимпиадасында Қазақстан құрамасының қоржынына 3 алтын (А.Винокуров, С.Сәпиев, О.Рыпакова), 2 қола (Ә.Ниязымбетов, А.Нұрмұхамбетова), 6 қола (Д.Гаджиев, М.Вольнова, Г.Манюрова, И.Дычко, А.Таңатаров және Д.Шабанбай) түсті. Жалпы командалық есептегі орнымыз – 23.

Қаншасын бердік, қаншасын алдық?

Қазақстан құрамасының жазғы олимпиялық ойындардағы жетістіктері 2008 жылдан бері қайта қаралып келеді.

Бейжің-2008 додасының қорытындысында 1 алтын (И.Ильин), 2 күміс (И.Некрасова, Т.Тигиев), 2 қола (Ә.Мәмбетов, М.Грабовецкая), барлығы 5 жүлдеміз қайтарылып алынды. Жүлдеге жеткен барлық спортшыларымыз допинг ережесін бұзғаны үшін айыпталды.

Ал қарсыластардың айыпталу себебінен Қазақстанға 1 алтын (А.Важенина), 2 күміс (Н.Теңізбаев және О.Рыпакова) қайта берілді. Сонда Бейжің олимпиадасында Қазақстан 2 алтын, 3 күміс, 4 қола, жиыны – 9 жүлдемен 29 орынға тұрақтады.

Лондон-2012 додасының қорытындысын жоғарыда айттық.

Рио-2016 олимпиялық ойындарында ауыр атлет Нижат Рахымовтың алтын жүлдесін қайтарып бердік. Ал 85 келіде өнер көрсеткен зілтемірші Денис Улановқа олимпиаданың қола жүлдесі 2020 жылдан кейін табыс етілді. Риода үшінші нәтиже көрсеткен румыниялық Габриел Синкраянның допинг-сынамасы оң нәтиже беруіне байланысты, Уланов жүлдегерлер үштігіне енді. Кейінгі есептерді толықтай ескергенде, Бразилияда отандастарымыз ресми 2 алтын, 5 күміс, 10 қола, барлығы 17 жүлде жеңіп алды. Жалпы командалық есепте үздік отыз елдің қатарында болдық.

Токио-2020 сынында бұйырғаны – 8 қола. Олардың ешбірі қайта қарастырылған жоқ.

Сонда біздің олимпиадашылар осы күнге дейін 5 алтын, 2 күміс, 2 қоланы (барлығы 9 жүлде) қайтарды. «Қайтқан малы» – 1 алтын, 3 күміс, 2 қола (5 жүлде).

Анна қазір қайда?

Лима сапарынан А.Нұрмұхамбетова бүгін таңда оралды. Қазір ол «Бурабай» балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде әдіскер болып жұмыс істейді. Ол 2013 жылы Азия чемпионы атанды. Бірақ кейін Қазақстан чемпионатында тапсырған сынамасы оң нәтиже беріп, біраз уақытқа айыпталған соң, белсенді спортпен қош айтысты.

«Мұндай шешімді допинг-сынамаларды қайта тексеріп, медальдерді қайта тағайындағаннан кейін Халықаралық Олимпиада комитетінің тәртіптік комиссиясы мен CAS спорттық арбитраж соты қабылдады. Шынымды айтайын, осы қуанышты естігенде өте толқыдым. Бұған сену қиын болды. Дегенмен 12 жыл өтті. Соған қарамастан мен бұл оқиғаға, осы медальға шексіз қуаныштымын» деді Анна Лима төрінде.

Жаңалықтар

СОҢҒЫ ІРІКТЕУДЕН ЖЕҢІС КҮТЕМІЗ

· Бокстан Тайландта өтіп жатқан олимпиадаға бокстан іріктеу турнирінде қазақстандық Римма Волосенко (60 келі) алғашқы қарсыласын жеңді. Ол германиялық Мария Ганглбауерден басым түсті. ІІІ раундта неміс қызы ескерту алды. Волосенконың ендігі қарсыласы – Анкушита Боро (Үндістан).

· Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63.5 келі) бірінші айналымда Кристиан Лаурентені 5:0 есебімен жеңді. Отандасымыздың ендігі қарсыласы – түрік Мизан Айкөл. Боксшыдан басым түсіп, келесі кезеңге өтті.

· Әйелдер арасында 50 келі салмақта Назым Қызайбай жарысқа іріктеу кезеңінен қосылды. Ол словакиялық Николь Дурикованы ІІ раундта айқын басымдықпен жеңді. Енді Назым бірінші айналымда оңтүстіккореялық Жуң Жу Хюңмен қолғап түйістіреді.

· Кеше кешке шаршы алаңға Валентина Хальзова (75 келі) көтерілді. Ол украиналық Каролина Махноны төрешілер шешімімен жеңді.

· Лимада (Перу) ауыр атлетикадан өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Нұрдос Сабыр (89 келі) әлем чемпионы атанды. Ол қоссайыс қорытындысында 333 ұпай (148+185) жинады.

· Осы сында әйелдер арасында Аянат Жұмағали да тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Аянат 222 ұпай жинап, күміс жүлдегер Мини Хормавиртадан (Финляндия) 11 ұпай ұзап кетті. Ал Ақжол Құрманбек 67 келіге дейінгі салмақта күміс медаль, Сәния Орманбаева (81 келі) қола жүлдегер атанды.

· Стенд атудан Қазақстан командасының мүшесі Әсем Орынбай Париж олимпиадасына жолдама иеленді. Жаңартылған әлемдік рейтингте отандасымыз бірінші орынды сақтап қалды. Әсем Парижде скит бағдарламасы бойынша сынға түседі. Бұған дейін Мария Дмитриенко мен Эдуард Ещенко олимпиадалық іріктеуден өткен еді.

· Футболдан Лига кубогы деп аталатын жаңа турнир басталды. Премьер-лиганың – 13, І лиганың 3 командасы қатысатын жарыс топтық турнирден және плей-офф кезеңдеріне тұрады. Бірінші тур нәтижелері: «Жетісу»-«Астана» – 2:1, «Қайрат»-«Ақжайық» – 9:0, «Ақтөбе»-«Қайсар» – 2:0, «Жеңіс»-«Тобыл» – 2:0, «Елім-ай»-«Тұран» – 3:0, «Тараз»-«Қызылжар» – 1:2, «Каспий»-«Шахтер» – 1:0, «Атырау»-«Ордабасы» – 0:0.

Есей Жеңісұлы