Қазақ тілін мазақтаған Черчесовті министр мақтап, Бәрменқұлов ақтады
13 қыркүйек күні Алматыдағы орталық стадионда УЕФА Ұлттар лигасы аясында өткен ойында Қазақстан құрамасы Словениядан жеңілді. Осы кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында құрама бапкері Станислав Черчесов қазақстандықтарды «жақсы ойынмен» құттықтап, қазақ тілін мазақ етіп, ойына келгенін істеді.
Ресейлік маманның қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіні «қай тілде сөйлеп отсыз, француз тілінде ме?» деп кекеткені көпшілікке ұнаған жоқ. Әлеуметтік желіде жұрт Черчесовтің отставкаға кетуін талап етті. Дауға туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов араласып, Қазақстан футбол федерациясынан осы оқиғаға түсініктеме беруді және С.Черчесовпен мемлекеттік тілге құрмет көрсету туралы түсіндіру жұмысын жүргізу талап еттік деп мәлімдеді.
Бірақ көп өтпей, Мырзабосынов мырзаның десі басыла қалды. Ендігіде ол Черчесовті халықаралық деңгейдегі кәсіпқой жаттықтырушы деп мақтап, жанкүйер үмітін ақтайды деп сенім білдірді. Тіпті «біз қонақжай, дархан мінезді, кешірімді елміз. Сондықтан мәселені одан әрі өршіте бермей, халқымызға тән кеңпейілдік танытқанымыз абзал» деп маймөңкелеп құтылды.
Ал Черчесовтің тіке бастығы, ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұлов министрден асып түсті. Ол ресейлік маманды шыр-пыр болып ақтап, бірде журналист пен бапкер әзілдесті деді, енді бірде Черчесовті дұрыс түсінбедік деді, соңында тіпті оған қазақша сұрақ қойған тілшінің өзінде де қателік бар деп тұжырды.
Бәрменқұловтың айтуынша, федерацияның әдеп комитеті Черчесовке екі мың доллар көлемінде айыппұл салыпты. Ал Черчесов мырза бұл шешімге қатты ренжіп, тулаған көрінеді. Федерация басшысы бұл істе ресейлік маманның кешірім сұрайтын жөні жоқ деп есептейді.
«Бас бапкердің сөзінде ешқандай кекету, мұқату болмаған. Әзілі сәтсіздеу, шектен шығып кеткен. Сол үшін айыппұл салынды. Біз Черчесовпен сөйлестік. Ол тілшіге әзілдеген. Негізі екеуінде де қателік бар. Алайда ешқандай арам ниеті болған жоқ. Не үшін кешірім сұрауы керек? Мен де кешірім сұрамас едім», – дейді Бәрменқұлов.
Бұл мәселеге байланысты біз де ҚФФ-ға ресми сауал жолдап, бас бапкердің этика мен кәсіпқой маманға сай келмейтін әрекетіне түсініктеме беруді сұраған едік. Одан бері бір аптадан аса уақыт өтті, әлі жауап келген жоқ. Соған қарағанда, Бәрменқұлов мырза Черчесовті ақтап, бар мәселені шештім, енді ешкімге жауап беруге міндетті емеспін деп түйген сияқты.
Қуаныш Қаппас