Қазақстан аятолла Хаменеимен қоштасу рәсіміне қатысты
Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Сейед Әли Хаменеимен қоштасуға арналған қаралы іс-шараларға қатысты.
Қазақстан Президенті мен халқының атынан Ермек Көшербаев Иран халқы мен басшылығына жуырдағы қайғылы оқиғаларға байланысты көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілек білдірді.
Сапар аясында Қазақстан СІМ басшысын Иран президенті Масуд Пезешкиан қабылдады.
Кездесуде тараптар 2025 жылғы 10-11 желтоқсанда Иран президенті Масуд Пезешкианның Қазақстанға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асырылуын талқылады.
Сондай-ақ өңірдегі қазіргі ахуал мен оның алдағы даму перспективалары жөнінде пікір алмасты.
Бұдан бөлек, Ермек Көшербаев Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен келіссөздер өткізді.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық, халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ Қазақстан мен Иран арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Ермек Көшербаев Қазақстанның Иранмен дәстүрлі достық, тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастық қатынастарын одан әрі нығайтуға бейілді екенін растады.
Сонымен қатар Иран мен өңір елдерінің тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөлі ерекше аталды.
Қазақстан СІМ басшысы Иран мен АҚШ арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум аясында қол жеткізілген келісімдердің маңызын да атап өтті.
Тараптар 28 маусымда Бендер-Аббас қаласындағы Шахид Раджаи портынан қазақстандық көлік-логистикалық терминал салуға арналған жер телімін беру туралы келісімге ерекше назар аударды.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып, еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамытуға және экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Терминал құрылысы Қазақстан мен Иран арасындағы өзара сауда көлемінің одан әрі өсуіне ықпал етеді деп күтілуде.
2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 26,4 пайызға артып, 430,2 миллион АҚШ долларына жеткен.
Келіссөздер қорытындысында тараптар Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара мүдделі екенін растады және екіжақты күн тәртібіндегі барлық бағыт бойынша өзара іс-қимылды кеңейту жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.