Қазақстан AZAL ұшағы апатына қатысты алдын ала есепті жариялады
Тәргеу нәтижесіне сәйкес, Әзірбайжан әуе жолдарының ұшағының апатқа ұшырауына сыртқы әсер себеп болуы мүмкін.
Еліміздің Көлік министрлігі Ақтау әуежайы маңында Әзірбайжан әуе жолдары (AZAL) ұшағының апатқа ұшырауы туралы алдын ала мәліметті жариялады.
Құжат 53 беттен тұрады. Онда 25 желтоқсанда Embraer 190 ұшағының апатқа ұшырауына қатысты тергеудің алғашқы нәтижелері берілген. Ұшақ Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан.
"Осы есепте ұсынылған ақпарат алдын ала зерделеу және зерттеу нәтижелері мен барлық материалдар кейіннен толықтырылуы мүмкін. Зерттеу ісі аяқталғаннан кейін авиациялық оқиғаны тергеу нәтижелері бойынша қорытынды есеп жасалады", - делінген құжатта.
Хабарламада комиссияның ұшақ құрылымдарының зақымдануын егжей-тегжейлі тексеруді жалғастырып жатқаны жазылған.
«Ұшақты тексеру кезінде құйрық бөлігінде, элеваторлар мен рульде, моторда шқрық тесіктер анықталды. Ұшақтың сыртындағы бүлінген тесіктер сырттан бөгде заттар тигенін көрсетеді" деп жазылған алдын ала тергеуде", - делінген хабарламада.
Комиссия сонымен қатар гидравликалық жүйенің зақымдануын анықтады, бұл ақау да сыртқы әсерден болуы мүмкін. Есепте сонымен қатар ұшқыштар мен диспетчерлер арасындағы сұхбаттар, сондай-ақ әуежай және ауа райы деректері бар.
Айта кетейік, Әзербайжан әуе компаниясының Бакуден Грозныйға бет алған ұшағы 25 желтоқсан күні таңертең еліміздің Ақтау қаласына жақын жерде апатқа ұшырады. 38 адам қаза тапты. Euronews және Reuters агенттігінің Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, ұшақ апатына Ресейдің әуе қорғаныс жүйесінің соққысы себеп болған. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Грозный үстінде «пилотсыз ұшақтар әрекеті байқалып жатқанда» ұшаққа зымыран атылған. Зымыран ұшақтың жанында жарылып, оның бортына зақым келген.
Ресей үкіметі мұны растаған жоқ. Апаттан екі күннен кейін Росавиация басшысы Дмитрий Ядров ұшақ Грозный әуежайына қонуға кіріскен кезде қалаға пилотсыз ұшақтар шабуыл жасағанын айтты. Ол ұшақ командиріне Ресейдің басқа әуежайларына қонуға ұсыныс жасалғанын, бірақ ол Ақтаудағы әуежайды таңдағанын айтты. Бұл ретте Euronews арнасының Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзі зақымдалған әуе лайнерінің экипажы шұғыл қонуды сұрағанын, бірақ ресейлік әуежайлардың ешқайсысына қонуға рұқсат етілмегенін хабарлады.
28 желтоқсанда Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, «Ресей әуе кеңістігінде болған қайғылы оқиға» үшін кешірім сұрап, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.
6 қаңтарда Әзербайжан президенті Әлиев ұшақ апатына кінәлілерді жазаға тартуды талап етті.
Желтоқсан айының соңында Қазақстан апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшіктерін Бразилияға жөнелту туралы шешім қабылдады. Қаңтар айының басында Әуе апаттарын зерттеу және алдын алу орталығы (CENIPA) декодтауды аяқтады. Қаңтар айының ортасында Қазақстанға Бразилиядан рейстіркегіштердің мәліметтері келді.