Оқиғалар

Қазақстан Халық партиясының кандидаттары Алматы облысында сайлаушылармен кездесті

Құрылтай сайлауы қарсаңында Қазақстан Халық партиясынан депутаттыққа кандидаттар Алматы облысында сайлаушылармен кездесті. Партия өкілдері өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірінің қызметкерлерімен жүздесіп, сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.

1

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Кандидаттар кәсіпорын жұмысшыларының сауалдарына жауап берсе, жиынға қатысушылар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, бірқатар ұсынысын ортаға салды.

Кездесуге ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарын біріктіретін республикалық ұйым мен Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының өкілдері де қатысты. Олар өз салаларына қатысты өзекті мәселелерді көтерді.

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқановтың айтуынша, партияның сайлауалды науқанының негізгі бағыттарының бірі – еңбек адамының мүддесін қорғау.

«Бүгін біздің іс-шарамызға республикалық бірлестіктердің өкілдері мен кандидаттар да қосылды. Олардың қатарында 3 мыңнан астам балабақшаны біріктіретін Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығы, сондай-ақ 40 мыңға жуық адамды қамтитын ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарының республикалық бірлестігі бар. Бүгін бәріміздің бір алаңға жиналуымыздың себебі – біздің сайлауалды науқанымыз бен күнделікті жұмысымыз еңбек адамының айналасында құрылады», – деді Нұрсұлтан Шоқанов.

Кездесу соңында кәсіпорынның төрт мыңға жуық қызметкері қатысқан флешмоб ұйымдастырылды.

Тегтер: ҚХП
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз