Live

Қазақстан мен Ресей АЭС құрылысы туралы келісімге қол қойды

Қазақстан мен Ресей атом электр станциясын салу туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

Қазақстан

Мемлекет басшысының айтуынша, энергетика саласы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ең табысты бағыттарының біріне айналып отыр.

— Менің ойымша, бүгін қол қойылған «Балқаш» атом электр станциясын салу жөніндегі келісімдердің маңызы айрықша. Осы ауқымды жобаны іске қосуға көрсеткен жеке әрі батыл қолдауы үшін Ресей Федерациясының президентіне алғысымды білдіремін. Бұл жоба ғылыми-білім беру және технологиялық ынтымақтастықтың локомотивіне айналып, энергетика мен өнеркәсіптегі жаңа салалардың дамуына жол ашады. Әрине, бұл ең алдымен Қазақстан үшін маңызды, - деді Тоқаев.

Президенттің сөзінше, екі ел үшін де энергия ресурстары мен электр энергиясын өндіру, тасымалдау және ішкі әрі әлемдік нарықтарға жеткізу мәселелерін тиімді шешудің маңызы зор.

Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің Еуразиядағы көлік байланысын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын да атап өтті. Оның айтуынша, тараптар Солтүстік – Оңтүстік және Шығыс – Батыс трансконтиненталдық дәліздерін дамыту бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр.

— Тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, шекаралық және өзге де инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Соның нәтижесінде жүк тасымалы көлемі тұрақты өсіп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 92 миллион тоннаға жетті. Бұл – шамамен 3,5 пайыз өсім, - деді президент.

Сондай-ақ ол болашақта бұл көрсеткіштерді жасанды интеллект пен заманауи цифрлық технологияларды енгізу арқылы арттыру жоспарланып отырғанын айтты. Бұған мысал ретінде екі ел арасында пилотсыз жүк көліктерінің іске қосылуын атады.

Президент ғарыш саласындағы әріптестіктің де әлеуеті жоғары екенін атап өтті.

— «Байқоңыр» ғарыш айлағы ұзақ жылдар бойы ғылыми-техникалық серіктестіктің жарқын символы болып келеді. «Бәйтерек» бірлескен жобасы мен жақында ғана жүзеге асқан «Сұңқар / Союз-5» зымыран тасығышының сәтті ұшырылуы халықаралық ғарыш қызметі нарығындағы позицияларымызды нығайтуға мүмкіндік береді, - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ресей президентінің мемлекеттік сапарындағы ерекше оқиғалардың бірі ретінде Қазақстанға төрт амур жолбарысының әкелінуін де атады.

— Қазақстан аумағында жолбарыстарды қайта жерсіндіру жұмыстарына нақты қолдау көрсеткеніңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл бағалы сый туралы еліміздің барлық азаматтары біледі. Осы бірегей жобаға қатысып жатқан қазақстандық және ресейлік мамандарға алғыс айтамын, - деді президент.

Еске салсақ, бұған дейін Атом энергиясы агенттігі Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы 2027 жылы басталуы мүмкін екенін хабарлаған еді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз