Жетісу облысында шағын автобус КамАЗ-ға соғылып, екі адам қаза тапты
Жетісу облысында Mercedes-Benz Sprinter шағын автобусы мен КамАЗ жүк көлігі соғысып, екі адам қаза тапты.
Тағы 10 адам жарақат алды.
Жол апаты Алматы-Өскемен тасжолының 143-шақырымында болған.
Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала деректер бойынша, оңтүстік бағытта келе жатқан Mercedes-Benz Sprinter жүргізушісі өзімен бір бағытта қозғалып бара жатқан КамАЗ жүк көлігінің тіркемесіне соғылған.
Апат салдарынан екі адам оқиға орнында көз жұмды. Шағын автобустың тағы 10 жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір жол апатының мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
Шағын автобус жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.