Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:20, 29 Желтоқсан 2023

Қазақстан «Талибанды» тыйым салынған ұйымдар тізімінен алып тастады

талибан
Фото: из открытых источников

Қазақстан билігі Талибанды тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығару туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Zhasalash.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

Айбек Смадияров аталған шешімге қатысты бірқатар сұраққа жауап берді.

- Неге мұндай шешім қабылданды?

- Қазақстан өзектендіру мақсатында ҚР-да тыйым салынған террористік ұйымдардың ұлттық тізіміне үнемі тексеру жүргізеді. Аталған үдеріс аясында БҰҰ тәжірибесіне сәйкес одан «Талибан қозғалысын» алып тастау туралы шешім қабылданды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің орындауға міндетті қарарларына сәйкес, «Талибан қозғалысы» БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі террористік деп таныған ұйымдардың тізіміне кірмейді.

- Қазақстан мен Талибан арасындағы дипломатиялық байланыстар қалай дамиды?

- Саяси байланыстарға келетін болсақ, Қазақстан бұдан әрі де Қауіпсіздік Кеңесі мен БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдайтын шешімдер мен қарарларды қатаң ұстанатынын атап өткім келеді.

Естеріңізге сала кетейік, «Талибан» қозғалысы 1986-87 жылдары басталған. Әлемнің көптеген елінде тыйым салынған террористік ұйым деп танылды. «Талибан» Ауғанстанды 1996 жылдан 2001 жылға дейін басқарды. 2021 жылы америкалық әскерлер елден шығарылғаннан кейін қозғалыс билікке қайта оралды.

«Талибан» Ауғанстан армиясының позициясына шабуыл жасай бастады және тамызға қарай Ауғанстан территориясының көп бөлігін бақылауға алды, ал 15 тамызда елдің астанасы Кабулды басып алып, Ауғанстанға толық бақылау жариялады.

«Талибан» түрлі елмен, соның ішінде Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға және әлемдік жұртшылық алдында өзін ақтауға тырысады. Олар жақын көршілерімен сауда қатынастарын белсенді түрде құрып жатыр.