Теміртауда ата-анасын өлтірді деген күдікпен 20 жастағы жігіт ұсталды
Теміртауда ерлі-зайыптының өліміне байланысты олардың 20 жастағы ұлы күдікті ретінде ұсталды. Қазір аталған факті бойынша қылмыстық тергеу жүргізіліп жатыр.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 7 қазанда Республика даңғылындағы пәтерлердің бірінен 52 жастағы ер адам мен 49 жастағы әйелдің мәйіті табылған.
Оқиғаға қатысты "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер марқұмдардың 20 жастағы ұлын ұстаған. Ол ата-анасын өлтірді деген күдікке ілініп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Іске қатысты өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.