Оқиғалар

Қазақстан туризмі: сан өсіп келеді, сапаға сұраныс артып тұр

Әлемде кейбір мемлекет туризм арқылы-ақ экономикасын көтеріп отыр. Дәл сондай тұмса табиғат, тау-тас, айдынды көл бізде де жетерлік.

Туризм

Бірақ әлі күнге дейін инфрақұрылым толыққанды жасалып, қызмет көрсету сапасы көңілдегідей болмай тұр. 

Соңғы жылдары Қазақстан туризм саласын экономиканың жаңа драйверлерінің біріне айналдыруға күш салып келеді. Табиғи ландшафттың алуан түрлілігі, тарихи-мәдени мұралар мен экотуризмге қолайлы аймақтар еліміздің туристік әлеуетін арттырып отырған негізгі факторлардың бірі. Соңғы статистика да бұл саланың біртіндеп жанданып келе жатқанын айғақтайды. Алайда туристер санының өсуі – мәселенің бір ғана қыры. Ең бастысы, келген қонақтың қайта оралуына себеп болатын сапалы қызмет пен заманауи инфрақұрылым қалыптастыру.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы туризм саласында негізгі көрсеткіштердің барлығы оң өсім көрсеткен. Ел ішінде орналастыру орындарын пайдаланған ішкі туристер саны 10,1 млн адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда шамамен бір миллион адамға артқан. Сонымен қатар қонақүйлер мен басқа да орналастыру орындарының қызметін пайдаланған шетелдік туристер саны 1,4 млн адамды құрады. Ал Қазақстанға түрлі туристік мақсатпен келген шетелдік келушілердің жалпы саны 15,7 млн адамға, оның ішінде халықаралық әдістеме бойынша турист ретінде есептелетіндердің саны 11,1 млн адамға жетті.

Туризмнің дамуы экономикалық көрсеткіштерден де байқалады. 2025 жылы орналастыру орындарының жиынтық табысы 350,6 млрд теңгені құрап, бір жыл ішінде едәуір өскен. Сонымен қатар салаға тартылған инвестиция көлемі 1,26 трлн теңгеге жуықтап, өткен жылмен салыстырғанда 32,6 пайызға артты. Бұл кәсіпкерлердің туристік жобаларға қызығушылығы күшейіп келе жатқанын аңғартады.

Биылғы жылдың алғашқы тоқсаны да оң динамика көрсетті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында елімізде 4 505 орналастыру орны жұмыс істеп, оларда 1,96 миллионнан астам туристке қызмет көрсетілді.

Дегенмен көрсеткіштің өсуі барлық мәселе шешілді дегенді білдірмейді. Туризм саласында әлі де қордаланған түйткілдер аз емес. Ең алдымен, өңірлердегі жол сапасы, инженерлік инфрақұрылым, санитарлық жағдай мен сервистің біркелкі дамымауы туристердің көңіліне әсер етеді. Кейбір көрікті табиғи аймақтарға жетудің өзі қиын. Демалыс орындарында автотұрақ, дәретхана, интернет, алғашқы медициналық көмек көрсету пункттері секілді қарапайым қызметтердің жетіспеуі жиі сынға ұшырайды.

Тағы бір өзекті мәселе – баға мен қызмет сапасының сәйкестігі. Ішкі туризмді таңдаған қазақстандықтардың көбі жолдама бағасының қымбаттығын айтып жатады. Кейбір демалыс орындарында қызмет құны халықаралық деңгейдегі курорттармен шамалас болғанымен, ұсынылатын сервистің сапасы оған толық сәйкес келе бермейді. Сондықтан бұл бағытта бәсекелестікті арттыру, қызмет көрсету мәдениетін жетілдіру және кадр даярлау ісіне ерекше көңіл бөлу қажет.

Соңғы жылдары мемлекет экотуризмге, ұлттық парктерді дамытуға және туристік бағыттарды әртараптандыруға басымдық беріп келеді. Бұл – дұрыс қадам. Себебі әлемде табиғат аясындағы саяхатқа қызығушылық артып отыр. Қазақстанның Алтайы, Алатауы, Маңғыстауы, Бурабайы, Алакөлі, Балқашы мен Каспий жағалауы халықаралық деңгейдегі туристік орталықтарға айналуға толық мүмкіндікке ие.

Сонымен қатар цифрлық технологияларды тиімді пайдалану да уақыт талабы. Туристер үшін барлық бағыт, қонақүй, көлік, гид қызметі мен төлем жүйелері бір платформада қолжетімді болса, саяхат әлдеқайда ыңғайлы болар еді. Ақпараттың бірнеше тілде ұсынылуы да еліміздің халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді.

Демек, Қазақстан туризмі даму кезеңіне аяқ басты деуге негіз бар. Статистика шетелдік және ішкі туристер санының тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетіп отыр. Ендігі міндет – сандық көрсеткіштерді сапалы нәтижеге айналдыру. Туристердің санын көбейтуден бұрын, олардың елден жақсы әсермен қайтуын қамтамасыз ету маңызды. Өйткені туризмнің шынайы жетістігі келушілердің көптігімен ғана емес, олардың қайта оралу ниетімен және Қазақстанды өзгелерге ұсынуымен өлшенеді.

Жігер Әшім 

Тегтер: туризм
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз