Саясат

Қазақстан Үкіметі биыл отставкаға кетеді

Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Қазақстан Үкіметі жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтатады. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан парламент палаталарының бірлескен отырысында айтылды.

үкімет

Депутаттар бірінші оқылымда вице-президенттің өкілеттігін де бекітетін президент туралы конституциялық заң жобасын қарап, мақұлдады.

Құжатты талқылау кезінде сенатор Бекболат Орынбеков жаңа Конституцияға сәйкес үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтатуы тиіс екенін еске салды. Ол Әділет министрінен дәл осындай норма вице-президентке де қатысты бола ма деп сұрады.

«Конституцияға сәйкес үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтатады. Сонымен қатар конституциялық заң жобасының 20-бабының 1-тармағына сәйкес президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар басшыларының өкілеттігі жаңадан сайланған президент қызметіне кіріскен кезде тоқтатылады. Алайда олар жаңа басшылар тағайындалғанға дейін міндетін атқара береді. Осындай механизм облыс әкімдері мен астана әкіміне де қарастырылған. Осыған байланысты бұл механизмді вице-президент лауазымына да қолдану мүмкін бе?» - деді Орынбеков.

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев вице-президент жеке мемлекеттік органды басқармайтынын айтты.

«Вице-президент институтын енгізу жалпы мемлекеттік жүйенің тұрақты әрі жүйелі жұмысын қамтамасыз етеді. Вице-президент жеке мемлекеттік органды басқармайды, ол президенттің атынан әрекет етеді. Сондықтан жаңадан сайланған президент алдында оның өкілеттігін тоқтату қажет деп санамаймыз», - деді министр.

Еске салсақ, 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Ал жаңа Құрылтай сайлауы (қазіргі Парламенттің орнына) тамыз айында өтеді.

Тегтер: үкімет
Т. РАУШАНҰЛЫ
Т. РАУШАНҰЛЫ Т. РАУШАНҰЛЫ

Оқыңыз