Live

Қазақстанда 1,5 мыңнан астам ауылға интернет әлі тартылмаған

Қазақстанда 2024-2025 жылдарға жоспарланған мерзімде 1 502 ауылдық елді мекен талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылмаған.

интернет

Бұл ауылдарда жалпы 692 867 адам тұрады.

Бұл туралы «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.

Мәселе «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын іске асыруға қатысты. Жоба аясында халқы 1,15 млн-нан асатын 2 955 ауылды талшықты интернетке қосу жоспарланған. Депутаттардың мәліметінше, сауал әзірленген кезде оның тек 306 елді мекені қосылған. Онда шамамен 284 мың адам тұрады.

Депутаттар интернет тарту жұмыстарының кешігуін Жоғары аудиторлық палатаның материалдары да көрсеткенін атап өтті. Негізгі себептердің қатарында жобалық құжаттаманың дайын болмауы, қажетті рәсімдердің уақытында жүргізілмеуі және қаржыландыру мәселелері аталған.

Сонымен қатар депутаттар ауылдарды интернетпен қамту деңгейі 97%-ға жуық деген көрсеткішке күмән келтірді. Олардың пікірінше, бұл көрсеткіш жоғары жылдамдықты интернеттің нақты қолжетімділігін толық көрсетпейді. Себебі есепке 2G, 3G, ADSL және спутниктік байланыс сияқты әртүрлі технологиялар енгізілген.

«Ауыл» фракциясы министрлікке бірнеше ұсыныс жасады. Атап айтқанда, 1 502 ауылдың не себепті уақытында қосылмағанын түсіндіріп, жұмыстардың аяқталу мерзімдерін көрсету, ұлттық жобаны іске асырудың нақты жоспарын әзірлеу және жоғары жылдамдықты интернет жоқ елді мекендер үшін спутниктік технологияларды уақытша шешім ретінде қарастыру ұсынылды.

Сондай-ақ депутаттар жаңа нысандарды жобалау кезінде байланыс инфрақұрылымын алдын ала қарастыруды және оны пайдалануға берер алдында тексеруді ұсынды.

Депутаттардың айтуынша, жоспарланған жұмыстар орындалмаса, 2027 жылдың соңына дейін ұлттық жобаның негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізілмеу қаупі бар. Олар министрліктен сауалға заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұрады.

Тегтер: Интернет
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз