Қазақстанда 4,4 мыңнан астам адам жәрдемақы алу үшін қағаз жүзінде жұмысқа орналасқан
Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу фактілеріне байланысты ондаған қылмыстық іс қозғалды. Тергеу мәліметінше, ел бойынша 4,4 мыңнан астам адам қағаз жүзінде жұмысқа орналасып, жоғары әлеуметтік төлем рәсімдеуге тырысқан.
Алаяқтық схема бірнеше компания арқылы жүзеге асқан. Ұйымдар азаматтарды ресми түрде жұмысқа қабылдаған болып көрсетіп, оларға жоғары жалақы есептелген. Кейін бұл адамдар әлеуметтік сақтандыру қорынан көбірек төлем алуға өтініш берген.
Тексеру барысында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры осындай күмәнді әрекеттерге қатысы бар 258 компанияны анықтады.
Қазіргі таңда республика бойынша 38 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Оның ішінде тоғыз іс бойынша сот үкімі шыққан. Тергеу мәліметінше, 12 адам заңсыз схеманы ұйымдастырды деп танылып, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай әрекеттер үшін тек ұйымдастырушылар ғана емес, жалған схема арқылы төлем алуға қатысқан азаматтар да жауапқа тартылуы мүмкін екенін ескертті.
Ведомство өкілдері нақты қандай әлеуметтік төлемдер бойынша заңбұзушылық анықталғанын ашып айтқан жоқ.