Қазақстанда АИ-95 пен АИ-98 бензинінің сапасы тексеріліп жатыр
Қазақстанда жүргізушілерден түскен шағымдардан кейін бензин сапасына қатысты тексеру күшейтілді. Сауда министрлігі отынның зауыттан бастап жанармай бекеті арқылы тұтынушыға жеткенге дейінгі бүкіл жолын зерттеп жатыр.
Министрлік Павлодар мұнай-химия зауытынан бензин үлгілерін алып, тәуелсіз зертханаға жіберді. Сонымен қатар Sinoil, QazaqOil және Helios жанармай бекеттеріндегі отын сынамалары да бөлек тексерілуде. Зерттеу нәтижелері шамамен бір апта ішінде шығуы тиіс.
Қазір азаматтардан түскен 12 шағым қаралып жатыр. Оның 9-ы Астана, біреуі Павлодар қаласы және екеуі Солтүстік Қазақстан облысынан түскен. Бұдан бөлек, 17 жанармай бекетінде бақылау сатып алуы жүргізілді. Мамандар алынған үлгілерге зертханалық сараптама жасап жатыр.
Соңғы уақытта жүргізушілер арасында әсіресе АИ-95 және АИ-98 бензиніне қатысты шағым көбейген. Кейбір азаматтар жанармай құйғаннан кейін көліктерінде ақау пайда болғанын айтқан.
Бұған дейін Павлодар мұнай-химия зауыты өзі өндіріп отырған бензиннің мемлекеттік стандарттарға сәйкес келетінін мәлімдеген болатын. Енді оның сапасы тәуелсіз зертханалық тексеру нәтижелерімен бағаланады.